Израильде парламенттік сайлау айқын жеңімпазсыз аяқталды
Израильде парламенттік сайлау айқын жеңімпазсыз аяқталды. Соған қарамастан, екі ірі саяси блок өздерінің жаңа үкіметті басқаруға лайықты екенін мәлімдеп үлгерді. Ресми қорытынды болса, апта соңына дейін жарияланып қалады. Бірақ содан кейін коалциялық үкімет құру мүмкін болмаса, сайлауды қайта өткізуге тура келеді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Израильде парламенттік сайлау аяқталды. Оған дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 77,7 пайызы немесе 5,7 миллионға жуық адам қатысқан. Бұл - соңғы 20 жылдан астам уақыттағы рекордтық көрсеткіш.
Дегенмен айқын жеңімпаз анықталмады. Негізгі бәсекелестер – қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың әсіре ұлтшыл-діншіл «Ликуд» партиясы мен оның одақтастары және бұрынғы әскер қолбасшысы, генерал Гади Айзенкоттың центристік «Өзгеріс блогы».
Израильдің 11 және 13-телеарналарының дерегінше, екеуі де шамамен 51 пайыз дауыс жинаған. Осы теңдікке қарамастан, 77 жастағы Нетаньяху билігін бәрібір сақтап қалуға бекінгендей.
Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:
Біз оңшыл, ұлтшыл, мықты үкімет құруға тиіспіз. Ол мақсатымыз сөз жүзінде қалмауы керек. Израиль үшін - анти-сионистік араб партияларынан құрылған министрлер кабинеті қауіпті. Сонымен қатар, бізде ерекше тарихи мүмкіндік пайда болды. Ол – серіктесіміз президент Дональд Трамппен бірігіп, Ираннан төнген қауіпті біржолата жою.
Нетаньяхуға сөзсіз басымдықпен үкімет құруға мүмкіндік қалдырмаған 66 жастағы Айзенкот та билік тізгінін қолға алып, Израильді жаңа дәуірге бастауға уәде берді. Оның сөзінше, халық елді 19 жыл басқарған Нетаньяхуға қарсы дауыс берді, сондықтан үкімет жетекшісі министрлер кабинетінен кетуі керек.
Гади Айзенкот, Премьер-министрлікке үміткер, бұрынғы генерал:
Қайырлы кеш, достар, сыбайластар, серіктестер. Бүгін біз тарихты жасадық. Басты сауалға жауап алдық: қоғам өзгерісті таңдаған екен. Мына жолы болмаған коалиция кабинет халықтың сенімін ақтай алмады. Сондықтан Израиль жұртшылығы Нетаньяхудың үкіметтен кеткенін қалайды. Нетаньяху мырза, сізге ескертемін, қауіпсіздікті саяси мақсатқа пайдаланамын деп ойлай көрмеңіз!
Нетаньяху да, Айзенкот та Палестина мемлекетінің құрылуына қарсы. Дегенмен болжамдарға қарағанда, Израильде үкімет ауысса, Газада қарулы қақтығыстар тоқтап, халықаралық жоспар бойынша қалпына келтіру процесі басталуы мүмкін. Және де Айзанкот жеңсе, Батыс жағалаудағы арабтар еврей қоныстанушыларының шабуылдарынан қорғалады деген үміт бар.
Сайлаудың ресми қортындысы бейсенбі-жұма күндері жариялануы мүмкін. Егер содан кейінгі бірнеше аптада ірі саяси блоктардың ешқайсы, мысалы, 18-19 пайыз дауыс жинаған араб партиялары тәрізді шағын фракциялармен одақтасып үкімет құра алмаса, Израильде сайлауды қайта өткізуге тура келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы