Депутаттар: Байлар салықты көп төлеуі тиіс
Әлемдік тәжірибе. Президенттің ауқатты азаматтарға салықты көтеру керек деген ұсынысына Құрылтай депутаттары осылай үн қатты. Олардың ойынша, елдегі бай-бағландардың салықты прогрессивті шкала бойынша төлеуі әділетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін өз Жолдауында жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды тапсырды. Бұған себеп не? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Онсыз да сән-салтанат салығын төлеп жүрген бай-бағландардың мемлекетке берешегі артпақ. Бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Президент ауқатты азаматтарға салықты көтеруді ұсынды. Құрылтай депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдап отыр. Олардың айтуынша, бұл әлемдік тәжірибе.
Әбілқайыр Тамабек, ҚР Құрылтайының депутаты:
Шектен тыс байыған азаматтар деп атайықшы. Соларға қатысты дүние. Ол орта таптағы азаматтарға қатысты емес. В категориясының есебінде ондай азаматтар жоқ.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Депутаттар бұл тізімге 1990 жылдары жекешелендіру кезінде ел байлығын заңсыз басып алғандар да кіретінін айтып отыр. Үкімет алдағы уақытта «сән-салтанат салығына» қатысты заңнамалық өзгерістерді Құрылтайға ұсынады.
Айдос Сарым, ҚР Құрылтайының депутаты:
Мысал үшін, Голландия немесе Бельгиядағы бір миллионердің атын білесіз бе? Біреуінің де атын білмейміз. Есесіне Қазақстанның миллионерлерінің атын жатқа білеміз, той-тұмалағына қанша жұлдызды қанша бағамен алып келе жатқанын білеміз.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе - Азаматтық кодекс қабылдауға қатысты болды. Өйткені қазіргі Азаматтық кодекс Қазақстан нарықтық экономикаға енді көшіп жатқан кезде қабылданған. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті, ал қоғам мен бизнес түбегейлі өзгерді.
Үнзила Шапақ, ҚР Құрылтайының депутаты:
Жаңа экономикалық құралдар, цифрлық инструменттер кіріп жатыр өмірімізге. Әр құқықтық қатынасқа түскен кезде біздің құқықтық қорғалу механизмі қажет болып жатыр. Сондықтан бұл кодекс жаңадан жазылуы керек.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қорыта айтқанда, ауқаттыларға салықты әділ бөлу мен азаматтардың құқығын қорғау – ел дамуының маңызды тетігі. Ал жаңа Азаматтық кодекс осы бағыттағы құқықтық негізді нығайтуға тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы