Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды
Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Келер жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан халқына Жолдауында осындай міндет қойды. Жаңа бастама аясында жолдар, әуежайлар, вокзалдар, мектептер мен ауруханалар салынады. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтереді. Алғашқы кезекте 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны және 50-ге жуық білім, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Сондай-ақ елді мекендерге газ бен таза ауызсу тартылып, коммуналдық желілер жаңартылады. Бұл жұмыстарға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Соның 1,5 триллионы биыл және келесі жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға бағытталмақ. Үкімет жыл соңына дейін барлық өңірді қамтитын жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуге тиіс. Президент Ұлттық қор қаражатының тиімді жұмсалуын талап етті. Әр жобаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы шарт. Құрылысқа жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері тартылады. Ал жұмыстардың орындалуы қатаң бақылауға алынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы