Басты Жаңалықтар Алатау қаласында Iconic Complex жобасының құрылысы басталды

Алатау қаласында Iconic Complex жобасының құрылысы басталды

Алматы облысының Алатау қаласында Iconic Complex жобасының құрылысы басталды. Көпфункционалды кешен жаңа іскерлік орталықтың негізгі нысандарының біріне айналмақ.

Жоба аясында кеңселер, апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы салынады. Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill бюросы әзірлесе, құрылыс жұмыстарын қытайлық China State Construction Engineering Corporation компаниясы жүргізеді. Биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара кешеннің басты сәулеттік нысанына айналады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асады, ал құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, құрылыс барысында сапа стандарттарын, сейсмикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Iconic Complex Алатау қаласында бой көтеретін, өңірдегі ең биік ғимарат болмақ.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бұл ғимарат, мен ойлаймын, Қазақстанның символы болуы мүмкін. Үкіметтің есебінен Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы кіріп отыр. Оның үлесі көп болмайды, 10 пайыздай болады. Осы жобаға жер берілді, арнайы режим болады жеңілдікпен.

Габриэле Пасколини, сәулетші, америкалық SOM сәулет бюросының Еуропадағы бөлімшесінің басшысы:

Iconic Complex жобасын әзірлеуде Алматы тауларының табиғи сұлулығы, ғимараттың функционалдығы мен экологиялық қауіпсіздігі ескерілді. Пирамида пішінді ғимарат жер сілкінісіне төзімді етіп жобаланған. Бұл бағытта инженерлермен бірлесіп жұмыс істейміз. Сондай-ақ кешен қаланың көлік инфрақұрылымымен үйлесім табады.

Бөлісу