Басты Жаңалықтар Қытай көлік өндірісін арттырды

Қытай көлік өндірісін арттырды

Қытай көлік өндірісін арттырды. Әлемде көрші елдің электромобильдеріне сұраныс ай сайын өсіп барады. Темір тұлпарлардың сыртқы нарыққа сатылымы 65 пайызға дейін өскен. Алпауыт автоөндірушілер Қытаймен бәсекелесе алмай жатыр. Бүгінде сұраныстың көптігінен автозауыттар алдын ала тапсырыспен жұмыс істейтін болған.

Қытайда автокөлік экспорты артты. Көрші елдің автоөндірушілер қауымдастығының мәліметіне сәйкес, биыл 9 айда 8,2 миллионнан астам данасы шетелге сатылған. Биыл ел үкіметі көлік экспортын 10 миллионнан асыруды көздеп отыр. Меже орындалса, тарихи рекорд тіркеледі.

Лю Янь, Қытайдың Автоөндірушілер қауымдастығы бас хатшысының орынбасары:

Қытайлық автоөндірушілер технологиялық артықшылықты тиімді пайдаланып отыр. Бұл бәсекелестік ережесін түбегейлі өзгертті. Баға қолжетімділігі мен инновациялық мүмкіндіктер сұранысты арттырды. Біздің статистикаға сәйкес, қазір ай сайын экспортқа шығарылып жатқан көліктердің саны 1 миллионнан кем емес.

Бүгінде дүниежүзінде электрлі көлік өндірісінің 60 пайыз үлесі Қытайға тиесілі. Темір тұлпар өндіру және сату жағынан 10 жылдан астам уақыт бойы алда келеді. Негізгі нарық – Еуропа, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдері. Сарапшылар экспорттың өсуін қолжетімді бағадан бөлек, өндіріс секторының қарқынды дамуымен байланыстырады.

Ван Цзюнь, Қытайдың Бас кеден басқармасы жетекшісінің орынбасары:

Қытайлық автоөндірушілер шетел нарығындағы мүмкіндіктерін арттырғысы келеді. Өтемақы саясатын оңтайландыру жалғасады. Электр көліктері экспорты үшін қосылатын құнға салынатын салық 13 пайыздан 9 пайызға дейін төмендетіледі. Шешім келер жылдың сәуір айынан бастап күшіне енеді.

Қытайда кейінгі жылдары жаңа көлік түрлері көбейді. Көп болғаны соншалық, нақты санын дөп басып айту қиын. Соңғы статистикаға сәйкес, көлік өндірісінде белсенді жұмыс істеп тұрған 150-ден астам автобренд тіркелген. Оның ішінде 100-ге жуығы Қытайдың өз өнімі болса, қалғандары шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс істейді.

Бөлісу