Басты Жаңалықтар Маңғыстау теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Маңғыстау теміржол вокзалы пайдалануға берілді

«Маңғыстау» теміржол вокзалы жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Үш қабатты жаңа ғимараттың аумағы бұрынғыдан 11 есеге ұлғайған. Енді вокзал тәулігіне 2 жарым мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал жазғы маусымда бұл көрсеткіш 4 мыңға дейін жетпек. Жаңарған нысанда жолаушыларға қандай жағдай жасалған? Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Жаңа вокзалдың ғимараты заманауи үлгіде салынған. Оның сәулеттік келбетінен Каспий теңізінің толқындары мен өңір табиғатының ерекшеліктері көрініс тапқан. Бұрынғы вокзалдың аумағы 763 шаршы метр болса, қазір кешеннің жалпы ауданы 9 мың шаршы метрге жуықтады.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

Бұл енді неше жылдар бойы сұранып тұрған вокзал еді. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына салынған тапсырмасымен Үкіметке рахмет. Ішінде жаңа заманауи жабдықтармен жасақталған. Бұның әлде де жалғасы болады ана үшінші жолға шығып кететін жағы ол енді екінші этапына кіреді.

Жолаушылардың еркін қозғалуына жағдай жасау үшін ғимаратта алты жеделсаты, екі эскалатор және бес жылжымалы жол орнатылған. Күту залдары кең, бірнеше билет кассасы, ана мен бала бөлмесі де қарастырылған.

Айнұр Жақсылықова, Маңғыстау ауылының тұрғыны: 

Қазіргі жаңа вокзалымыз бен ескі вокзалымызды салыстыруға мүлде келмейді. Аспан мен жердей. Қазіргі мына сәтіміз біз шетелге кірген сияқтымыз Біздің ауданымызда осы жерде бұрын ескі вокзал, ескі үйлер болатын. Қазір үйлеріміздің түгел сырты реставрация жасалды. Вокзалымыз жаңа көрініс тауып жатыр.

  Маңғыстау теміржол вокзалы - өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі. Станция арқылы еліміздің 7 өңіріне және Өзбекстанның Нүкіс қаласына пойыз қатынайды.

Қарақат Жақанов, Маңғыстау жүйелік желі бөлімшесінің бастығы:

60 жылда бұл жаңғырып тұр, бұл керемет. Халықтың көңіл-күйі деген керемет. Осындай Маңғыстауға мынау қақпа батыстың осындай вокзалдың тұруы, қаншама туристар келеді бізге. Мұндай вокзал Қазақстанда санаулы деп айтамын. Бала мен ананың бөлмесі бар, жолаушылар ұзаққа қалатын болса, оған демалатын бөлмелері бар. 

Жаңа вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Нысан аумағында 160 көлікке арналған тұрақ бар. Жаңарған вокзал жолаушыларға заманауи талаптарға сай қызмет көрсетіп, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қоспақ.

Бөлісу