Бірнеше несиесі бар азаматтар енді қарызын бір өтініш арқылы реттей алады
Бірнеше банкте, микроқаржы ұйымында несиесі бар азаматтар енді қарызын бір өтініш арқылы реттей алады. Ол үшін арнайы платформа да іске қосылған. Ал берешегін уақытылы өтей алмай жүргендер ең алдымен банкке немесе несие берген ұйымға жүгінуі керек. Қарызды өтеу мерзімін ұзартуға, төлем шарттарын өзгертуге болады. Бірнеше несиесі бар азаматтар нені ескеруі керек? Айдана Қуантхан баяндайды.
Айдана Қуантхан, тілші:
Мамандардың айтуынша, бірнеше банкте несиесі бар азаматтар арнайы платформа арқылы бір өтінішпен қарызын реттеп, төлем шарттарын өзгерте алады. Платформаны пайдалану үшін азаматтың кемінде екі кредитор алдында 90 күннен астам мерзімі өткен қарызы болуы керек. Жалпы берешек мөлшері 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін болуы тиіс. Сондай-ақ қаржылық міндеттеме бойынша сот актілері немесе нотариустың атқарушылық жазбасы болмауы қажет. Қарыз алушы платформа арқылы өтініш бергеннен кейін ақпарат оның барлық кредиторына жіберіледі. Бұдан кейін берешекті өтеудің ортақ шарттарын келісу рәсімі жүргізіледі. Яғни, төлемдердің бірыңғай кестесі бекітіліп, қарызды өтеу мерзімі бес жылға дейін белгіленеді. Ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін жеті жылға дейін ұзартылады. Алайда бұл мүмкіндік ипотека мен автокредиттерге, кәсіпкерлік мақсаттағы, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерге қолданылмайды. Finkelisim.kz платформасынан бөлек, елімізде жеке кредит бойынша берешекті реттеудің қалыптасқан тәртібі де бар. Егер төлем мерзімі кешіксе, қарыз алушы ең алдымен банкке, микроқаржы ұйымына немесе тиісті кредиторға өтініш беріп, қарызды өтеу шарттарын өзгертуді сұрауы керек. Өтінішке жұмыссыздық туралы анықтама, еңбек шартының тоқтатылғанын растайтын немесе уақытша еңбекке жарамсыздық туралы құжатты тіркеу маңызды. Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдауға міндетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы