Басты Жаңалықтар Инвестициялық форумда құны 4,8 млрд доллар болатын 22 ірі жобаға қол қойылды

Инвестициялық форумда құны 4,8 млрд доллар болатын 22 ірі жобаға қол қойылды

Әлемнің 40 елінен 500 инвестор Шымкентке келді. Олар 9-шы жаһандық инвестициялар жөніндегі форумға қатысып, құны 4,8 млрд доллар болатын 22 ірі жобаға қол қойды. Келісімдер цифрландыру, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым және жаңа энергия көздері бағыттарын қамтиды. Бұған дейін Астанада өтіп келген экономикалық мәжілістің бұл жолы Шымкентте ұйымдастырылуы шаһардағы инвестициялық климаттың қолайлылығын көрсетеді. Премьер-министр Олжас Бектенов  басшылық еткен форум жұмысы туралы тілшіміз баяндайды. 

Егемендік алған 35 жыл ішінде Қазақстан жарты триллион шетелдік инвестиция тартқан. Соңғы бес жылдың өзінде көрсеткіш 100 млрд доллардан асады. Прьемер-министр бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен жаһандық компаниялардың бізге деген сенімін көрсететеді дейді.

Олжас Бектенов , ҚР Премьер-министрі:

Жыл соңына дейін инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет көрсететін «Kazakhstan Investment House» орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Орталықта 20-дан аса ұйым ұсынатын қаржылық, экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі қолжетімді болмақ. Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Кеңес жұмысы аясында құны 171 млрд долларды құрайтын 331 жоба бойынша проблемалық мәселелер шешімін тапты.

Қытайлық Guoyou компаниясы Маңғыстауда көпфункционалды порт салмақ. Жоба іске асса, теңіз арқылы жылына 25 млн тонна жүк тасымалданатын болады. Жобаның инвестициялық құны 1 млн АҚШ доллары шамасында. Биыл Мемлекет басшысы Шанхайда инвесторлармен кездескенде, жобаның құрылыс жоспарымен танысқан еді.

Юй Боян, инвестор, Guoyou компаниясының төрағасы:

Форумнан түйгенім көп. Сіздің ел инвесторларға жайлы жағдай жасап отыр. Бұл қос тарап үшін де тиімді. Қазақстанның теңізге шығу дәлізі – елді Еуразияның стратегиялық көлік торабына айналдыруға бағытталған маңызды қадам. Жобаны 2029 жылда аяқтауды жоспарланып отырмыз. 

Бұған дейін тек Елордада өтіп келген форум биыл алғаш рет Шымкентте өтті. Сарапшылар мұны мегаполистің инвестициялық әлеуетімен байланыстырады. Былтыр шаһар 860 млрд инвестиция тартқан. Соңғы үш жылда құны 170 млрд теңге болатын 50 ірі индустриялдық жоба іске қосылған. Өз кезегінде бұл 3500 азаматты жұмыспен қамтыды. 

Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» компаниясының төрағасы:

Былтыр Шымкенттің экономикасы 11 пайызға өсті. Бұл Қазақстан бойынша екінші көрсеткіш. Сол үшін біз биыл Шымкенттік инвесторларға таныту үшін, осы өңірдің инвестициялық әлеуетін білу үшін осындай үлкен іс-шара өткізіп отырмыз.

Жиын соңында Олжас Бектенов шетелдік салымшыларға алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нағайтуға мүдделі екенін жеткізді. Инвесторлар да сөз сөйлеп, іске асатын ортақ жобаларды сапалы атқаруға уағдаласты.

Бөлісу