Басты Жаңалықтар Қауіпсіздік Кеңесінде әскери реформа жоспары мақұлданды

Қауіпсіздік Кеңесінде әскери реформа жоспары мақұлданды

Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Президент еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды. Аз уақытта заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың маңызына назар аударды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді және қорғанысты жоспарлауды қамтуы тиіс, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес. 

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскери реформа жоспарының жобасын таныстырды. Енді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Қалған алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі. Сондай-ақ әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр. Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген.

Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспары туралы баяндады. Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау, Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру да  реформаның маңызды бағыттарының бірі болмақ. Жиын барысында Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Президент барлық мүдделі органнан үйлесімді жұмыс істеу талап етілетінін ескертті. Отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданды. Оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктеледі.

Бөлісу