Маңғыстауда мұнайды заңсыз экспорттап келгендер ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Маңғыстауда мұнай өнімдері контрабандасының жолын кесті.
Тергеу дерегіне сәйкес 2019-2023 жылдары 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы құны 45 миллиард теңгеге жуық. Заңсыз экспорт схемасын Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикі мұнай сатып алуға келісімшарттар жасасқан. Кейін оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай зауыттарында өңдеген. Тергеу мәліметінше, өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделген. Дайын мұнай өнімі пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге жөнелтілген. Тергеуден кейін қылмыстық іске қатысы бар күдіктілердің активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленген. Заңсыз кірістер мен төленбеген салықтар есебінен 2 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылған. Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы