Жетісу облысында 22 мың тонна алма жиналды
Жетісу облысының шаруалары жеміс-жидек жинау науқанына кірісті. Өңірде 4 600 гектарға жуық бау-бақша болса, оның 3 мың гектардан астамына алма ағашы отырғызылған. Мамандар биыл 22 мың тонна алма жиналғанын айтады. Өнімнің бір бөлігі қоймаларда сақталып, қалғаны саудаға шығарылады. Бағбандардың еңбегі ақталды ма? Сюжеттен көрейік.
Айдарлы ауылындағы алма бағында терім науқаны қызу. 530 гектар алқапқа «Голден Делишес», «Резистент», «Фуджи» сынды 10-ға жуық сұрып егілген. Әр гектарға 3 мың 600 түп ағаш отырғызылған. Бір түп ағаштан орта есеппен 10 келі өнім жиналады. Осылайша, бағбандар гектарынан 35 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр.
Ләззат Сарыбаева, жұмысшы:
Қазығұрт ауданынан келдім. Бізден 25 адам келдік. 9 адамнан қатарларға бөлді. Әр қатардан 20 жәшіктей жинап жатырмыз. Таңнан кешке дейін 40 адам 60-70 жәшік жинаймыз.
Қазірдің өзінде бақтан 4 мың тоннаға жуық алма жиналған. Жұмысты жүйелі ұйымдастыруға Молдовадан арнайы шақырылған агроном Аркадий Гончар жауапты. Оның айтуынша, биыл өнім көлемі былтырғыдан жоғары. Ал келер жылдан бастап бақ аумағын кеңейтіп, тағы 400 гектар жерге алма көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр.
Аркадий Гончар, бас агроном:
Биыл 10 мың тонна алма жинауды жоспарлап отырмыз. Өнімнің жартысын Ресейге экспорттаймыз. Қалған бөлігі қоймада сақталып, Қазақстанның ішкі нарығына жөнелтіледі. Жиын-терім науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Жиналған өнімнің сапасын сақтап, уақытылы сұрыптап, қоймаларға жеткізуге басымдық беріп отырмыз.
Жетісу облысындағы бақтардан биыл 22 мың тонна алма жиналған. Оның 1 100 тоннасы қоймаларда сақталады. Сала мамандарының айтуынша, бұл көлем қыс мезгілінде жергілікті халықты өңірде өндірілген алмамен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан облыста жеміс бақтарының аумағын ұлғайту жоспарланған.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Интенсивті алма бақтарын енгізу мәселесі облыста жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда осы апорт сортын енгізу жоспарымызда бар. Бұл енді инвесторлардың жобаларын қарастырамыз.
Жалпы, өңірде 39 қойма жұмыс істеп тұр. Онда жылына 40 мың тонна жеміс-жидек сақтауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы