Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында жылына 3 млн тонна жүгері өңдейтін зауыт салынып жатыр

Жамбыл облысында жылына 3 млн тонна жүгері өңдейтін зауыт салынып жатыр

Жамбыл облысы Шу ауданында жылына 3 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін зауыт салынып жатыр. Инвестициялық жобаның құны – 1,5 млрд теңге. Қазан айының басында кәсіпорынның бірінші кезеңі іске қосылды. Орталық Азия бойынша ең алып құрылыс басында Данияр Әлімқұл болып қайтты.

Жүгеріні қалдықсыз терең өңдейтін зауыт құрылысы Шу ауданының арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Аумағы 400 гектарды құрайды. Қазір алып құрылыс басында 1500 адам жүр. Қазан кіргелі аминқышқылдар, глюкоза мен крахмал шығарыла бастады.

Сюй Цзин Джау, компания директорының орынбасары:

Орталық Азиядағы аминқышқылдарын өндіретін алғашқы зауыт Халықаралық Даму стратегиясы аясында салынып жатыр. Оған 1,5 млрд теңге инвестиция құйдық. Жоба Қазақстан мен Қытайдың достық қатынасының дамығанын білдіреді. Ел Үкіметі салықтық жеңілдіктер жасап, инфрақұрылымды қысқа уақытта реттеп бергендіктен бірінші кезеңін іске қостық.

Әзірге 500 мың тоннаға дейін жүгері өңделсе, толық қуатына шаққанда 3 млн тонннаға жетпек.  Жобаның үшінші кезеңі аяқталысымен 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. 

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша терең өңдеу зауыттары іске қосылу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 47 өндірістік инвестициялық жобалар іске қосылады деп күтілуде. Оның ішінде 7 ірі зауыттарымыз бар.

Кәсіпорын құрылысы алдағы алты жылда толық аяқталады. Ал зауыт өнімдері Орталық Азиядан бастап, Еуропа, Америка және Африка елдеріне экспортталады. Айта кетейік, аймақтың инвестициялық қоржынында құны 5 триллион теңгеден асатын 116 жоба бар.

Бөлісу