Басты Жаңалықтар 2 жаңа мемлекеттік награда енгізіледі

2 жаңа мемлекеттік награда енгізіледі

Жаңа мемлекеттік наградалар енгізіледі. Депутаттар заңды бірінші оқылымда мақұлдады. Мәртебелі марапат кімдерге беріледі? Тағайындау тәртібі қандай? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Биік талғам. Терең білім. Кәсіби шеберлік. Симфониялық оркестрдің дерижері, ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан Шамғон Қажығалиевтің есімі қазақ музыкасының тарихында алтын әріппен жазылған. Заңғар тұлғаға 1997 жылы «Парасат» ордені берілгені белгілі. Бүгінде бұл марапатты ғылымда із қалдырғандар да алады. Бірақ елде ғалымдарға арналған өзге де бірнеше мемлекеттік награда бар. Ал ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет еткен дерижерлер мен оркестр мүшелеріне бөлек марапат болған жоқ. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» атындағы награданы енгізу қажет екенін айтты. Бүгін Құрылтай отырысында заң жүзінде бекітілді.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР Құрылтайының депутаты:

Біздіңше, осы заң жобасының басты ерекшілігі - жаңа марапат енгізуде ғана емес, бұл таланты мен ел руханиятын байытқан композиторлар мен суретшілердің еңбегін қастерлеудің, шығармашылығын ұлықтаудың жөні.

Саңлақ суретшілер де құрметке бөленеді. Елде енді «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген суретшісі» деген атақ бар.

Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайының депутаты:

Мемлекеттік наградалар Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» идеясын дәріптеудің маңызды тетігі. Заң жобасының негізгі мақсаты отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану.

Мәртебелі марапатты тағайындау тәртібі қандай? Кандидатураны Құрылтай, Үкімет, министрліктер, мемлекеттік органдар мен ұйымдар ұсына алады. Еңбек ұжымдары да үн қоса алады. Ал түпкілікті шешімді Президент қабылдайды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

Яғни негізгі өлшем өнерге қосқан нақты өлшем мен жетістігі. Композиторлар бар, дирижерлар, ән авторлары ең алдымен музыка өнеріне үлес қосқан ұстаздарымыз да бар.

Өнерлі елдің өресі биік. Мәдениетке сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар айрықша құрметке бөленуі тиіс. Жаңа наградалар еселі еңбектің лайықты бағасын беру үшін енгізілді.

Бөлісу