Вице-Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысына қатысты
Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының 24-ші отырысы өтті. Жиынға 20 елден әлемдік және дәстүрлі діндердің, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам беделді өкілі қатысты. Отырысты Вице-Президент – Съезд Хатшылығының басшысы Ерлан Қарин басқарды. Ол бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім, адамды құрметтеу секілді құндылықтар елдің даму бағдарын айқындайтын маңызды қағидаттар екенін атап өтті. Бұл ұстанымдар Съездің миссиясымен де үндеседі. Осы құндылықтарға сүйене отырып, Президент басшылығымен теңгерімді әрі бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Ерлан Қарин Президенттің Съезд аясында діндердің бітімгерлік әлеуетін біріктіріп, рухани дипломатияға нақты халықаралық сипат беруге бағытталған Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру бастамасына да тоқталды. Отырыстың басты нәтижесі – 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамытуға бағытталған екі халықаралық құжаттың қабылдануы. Олар – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі» және «Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі». Сонымен қатар «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары жөніндегі хартия» таныстырылды. Жиын аясында Вице-президент бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Мұсылман ақсақалдары кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абдельсаламмен, БАӘ Толеранттылық және бейбіт өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әл-Сабримен, сондай-ақ Қытайдың буддистік және даостық ұйымдарының өкілдері Цю Шуан және Сунь Сяомен кездесулерде Съезд жұмысына қолдау көрсету, өзара іс-қимылды кеңейту және дінаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы