Қызылорда облысында биыл 10 ауылға газ тартылып жатыр
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында биыл төрт ауылда газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде елдімекендерге 79 шақырым газ желісі тартылған. Маңызды жобаға 1,5 миллиард теңге қаржы қаралған. Аймақтағы тілшіміз Әділбек Серікұлы шалғай ауылдарға барып игі жобаның барысын көзбен көріп қайтты.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Жалпы облыста газдандыру жұмыстары қарқын алған. Жыл сайын көгілдір отынның игілігін көретін тұрғындардың үлесі артып, ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайы түзеліп келеді. Мәселен, биыл Сыр өңірінде 10 елдімекен табиғи газға қосылмақ.
Соның бірі, 300-ге жуық түтіні бар Жаңақожа батыр ауылы. Мұнда соңғы жылдары жаңа мектеп, заманауи жабық спорт кешен салынып оң өзгерістер жалғасын тауып келеді. Енді міне, ауыл биыл газға қосылмақ. Қазіргі таңда тұрғындар үйлеріне газ пештерін орнатып, көгілдір отынның игілігін көруге асығып отыр.
Жидебай Бегенәлиев, ауыл тұрғыны:
Су кірді, асфальт төселді, көше жарықтандырылды. Енді газ де келіп жатыр міне. Осы тұрғанда ауылдың жартысына құрып болып қалды. Күзде газ жағамыз ба деп қуанып жатырмыз.
Жалпы ауданда мұнан бөлек Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елдімекендеріне де газ желісі тартылып қойды. Мердігер мекемелер негізгі жұмыстарды аяқтап, мыңнан аса тұрғын үй мен 30 әлеуметтік нысанды кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосып жатыр. Жалпы ауданда бұл бағытта әлі де ауқымды жоспар бар.
Алмасбек Есмаханов, Қазалы ауданының әкімі:
Бұдан бөлек Сырдария өзенінің Қарлан көпірінің арғы бетінде орналасқан 4 ауылдық округке магистарлды газ құбырын жүргізу үшін 4,5 млрд. теңгенің сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке өтінім берілді.
Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру – ел дамуының маңызды бағыттарының бірі деп айрықша атап өткен болатын. Сыр өңірінде былтыр ауыз су мәселесі толық шешімін тапса, ал халықты газдандыру деңгейі 85 пайызға жетіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы