Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамалды
Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады. І дәрежелі капитанды қамауға алу шарасына сот санкция берген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу барысында қауіпсіздік шараларының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі және құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуы тексеріліп жатыр. Осы іс бойынша Қарулы Күштердің бес лауазымды тұлғасы ұсталып, барлығы күдікті деп танылған. Оқиғаның себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Тексерудің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Олар ведомствоға қарасты ұйымдар мен бөлімшелерде мемлекеттік мүлікті жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және өзге де заңбұзушылықтар болуы мүмкін деген деректерге қатысты. Сондай-ақ әскери тәртіп пен профилактикалық жұмыста кемшіліктер анықталған. Жарғыға қайшы қарым-қатынас пен әскери қызметшілерге күш қолданудың жекелеген фактілері тіркелді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы