Басты Жаңалықтар Қайтарылған қаражат есебінен 13 ауылға ауыз су берілді

Қайтарылған қаражат есебінен 13 ауылға ауыз су берілді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары мемлекет меншігіне 1 триллион теңгеден астам қаражатты қайтарды. Оның 610 млрд теңгесі өңірлердегі 500 инфрақұрылымдық жобаға бөлінді. Яғни мектептер мен ауруханалар, спорттық және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталып жатыр. Осындай жобалардың бірі — Түркістан облысының Келес ауданында 13 елдімекенді ауыз сумен қамтуға жұмсалды. Бүгінде ауыл тұрғындары тазартылған тіршілік нәрін тұтынып отыр.

Келес ауданына қарасты Көгерту ауылының тұрғындары жылдар бойы ауыз судың азабын тартып келген. Бастапқыда арықтағы суды тұндырып, ішсе, кейін жерастынан шығатын ащы суды да тұтынған. Суды көрші ауылдардан тасып ішкен кездері де болыпты. Ал өткен жылы елдімекенге жаңадан су құбырлары тартылып, тәулік бойы таза су берілуде.

Үрниса Қалыбаева, Көгерту ауылының тұрғыны:

Тасып ішетінбіз суды, 6 теңгеден тасып іштік. Енді мына тәтті су келді, бір жыл болайын деп қалды жақында. Бұл суды біз кірге де пайдаланамыз, ішкен тамақ, барлығына. Түнде де, күндіз де ағып тұрады.

Ауданда соңғы екі жылда Жүзімдік, Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі 13 елдімекен таза ауыз сумен қамтылды. Сусыз отырған ауылдарда ұңғымалар қазылып, құбырлар тарту жұмыстары жүргізілді. Қазір бірқатар ауылдар суды тұтынып отырса, енді бірінде су тарату нысандары тапсырылуға жақын. Мәселен Қаратөбе елдімекенінде 500-ден аса тұтынушыға су беріле бастайды.

Ғани Жұмабеков, «Келес қызмет» КММ бөлімше меңгерушісі:

Нысан қазіргі уақытта 80-90 пайызға дайын десек болады. Өйткені су беріп тексердік, ауылдың барлық жеріне су барып жатыр. Уже трассаны тексеріп жатырмыз. Уже алдағы уақытта полный таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 

Қалдыбек Садықов, Келес аудандық прокуратурасының прокуроры:

Суды халық осы күнге дейін тасымал арқылы немесе ауылдарға қойылған Омега фильтрі арқылы ішіп, пайдаланған. Бірақ осы активтерді қайтару жұмыстарының арқасында қазіргі таңда барлығы суды өз үйінен пайдалануда. Осы 12 нысанның жалпы соммасы 10 млрд теңге болса, соның жартысы яғни 4,9 млрд теңгесі активтерді қайтару есебінен бөлінген қаражат.

Өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 30 нысан салынды. Бөлінген қаражаттың көлемі  26 миллиард теңгеден асады. Бұл қаражат ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және сапалы ауызсу мен қажетті әлеуметтік көмектерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде 27 нысан пайдалануға берілсе, тағы 3 нысанда  бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бөлісу