Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан» – жалпыұлттық құндылық

«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық құндылық

«Таза Қазақстан» – жай ғана ұран емес, жалпыұлттық құндылық. Мемлекет басшысы тазалықтың мәні адам бойындағы жауапкершілік пен елге жанашырлықтан бастау алатынын атап өтті. Бұл қостанайлық Гүлсара Гладкованың да өмірлік ұстанымы. Ол көпті игі іске жұмылдырған жан. Тұрғындар ай сайын сенбілікке шығып, ауланы ретке келтіреді. Өңірдегі тілшіміз Мәдина Нағашыбай да қолғабыс қылып қайтты.
Мәдина Нағашыбай, тілші:

Бұл аулаға көрік берген тұрғындардың маңдай тері, еңбегі. Көктем шыға бірден  білек сыбана жұмысқа кіріседі. Гүл егеді, ағаш отырғызады. Ал жаз бойы оны өздері суарып, күтіп-баптайды. Береке – бірлік бастауы дейді тұрғындар.

Гүлсара Гладкова өзі тұратын үйдің ауласын гүлзар баққа айналдырған.  Ауылдың тірлігіне төселген адамға қаланың бір бұрышында тым-тырыс отырып қалу қиын дейді. Бес жыл ішінде үй маңындағы бос жатқан жерді жайқалған жасыл желекке бөлепті. Қазір мұнда күз түссе де, қауыз жарып гүлдер жайқалып тұр.

Гүлсара Гладкова, Қостанай тұрғыны:

Кешке таман орындықтарда отарамыз. Сөйлесеміз, ертең не істейміз деп жоспар құрамыз өзіміз. Зейнетке шыққан жандарға ол да жақсы ғой. Осы тазалық – жақсылық, амандық та содан шығады.

Аулада гүлдің 11 түрі, қарағай, қайың, терек пен үйеңкінің 25 түбі тамыр жайған. Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған бұл үйде алғаш қоныстанған тұрғындардың бірқатары әлі күнге дейін тұрады. Үлкені бастама көтерсе, кішісі қолғабыс қылып, аула күтіміне бәрі жұмыла кіріседі. Көптің еңбегінің арқасында биыл қаладағы «Ең үздік аула» атанды.

Айдана Омарова, Қостанай тұрғыны:

Сенбілікке уақытымыз болып жатса, шығып жатамыз күйеуіміз екеуміз. Тазалық әр адамның өз отбасынан, тұрып жатқан ауласынан басталады. Сондықтан бұл әр азаматтың жауапкершілігі, міндеті деп ойлаймыз.

«Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғалы өңірде 90-ға жуық саябақ пен гүлзардың ажары кіріп, бірнеше жаңа демалыс алаңдары ашылды. Адамдар саясында тынығып, серуен құрады, спортпен айналысады. Қала іргесіндегі орман алқабының арасына тағы бір экосаябақ салынып жатыр. Алайда туған жердің тазалығы тұрған жеріңнен басталады. Игі іске ұйытқы болған тұрғындардың бірлігі – көпке үлгі!  

Бөлісу