Басты Жаңалықтар «Astaufest» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды

«Astaufest» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды

Астанада VII «Astaufest» халықаралық гастрономиялық фестивалі басталды. Шара үш күнге жалғасады. Байқауға Қазақстанның өңірлерінен және алыс-жақын шетелдерден 30-дан аса білім беру ұйымының 200-ден артық өкілі қатысып, бақ сынайды. «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің» ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шараның негізгі мақсаты – еліміздің гастрономиялық әлеуетін таныту, мейрамхана индустриясын дамыту және насихаттау. Биыл ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы номинация енгізілді. Байқауға Қытай, Франция, Түркия, Кипр, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 13 халықаралық сарапшы төрелік етеді. Бұл қатысушылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Жан Ашнер, Astaufest 2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінің бас сарапшысы, «Мишлен» жұлдызының иегері:

Астауфестте екінші рет бас сарапшы болып отырмын. Фестивальдің деңгейі де, ауқымы да жыл өткен сайын артып келеді. Байқауға қатысушы жастар таңқалдырудан жалықпайды. Былтыр ең үздік шыққан қатысушыны өзіммен бірге Францияға алып кеткенмін, жанымда жүріп тәжірибе жинақтады. Биыл да мықты аспаздар болса, бәлкім, біздің мейрамханаға шақырамын. Өйткені дәл осындай әділ сайыс кезінде шын мықтылар танылады және солардың арасынан «Мишлен» жұлдызына ие болатын үздіктер шығады.

Бөлісу