Басты Жаңалықтар Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесіне Еуропада қызығушылық артты

Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесіне Еуропада қызығушылық артты

Қазақстанның цифрландыру саласындағы тәжірибесіне Еуропада қызығушылық артты. Мемлекеттік қызметтердің онлайн көрсетілуі, цифрлық технологияның түрлі салада енгізілуін шетелдіктер жоғары бағалап отыр. Бельгиялықтар біздің елдің озық тәжірибесін өздеріне бейімдеп, жасанды интеллектіні дамытуда ынтымақты күшейтуге ниетті.

Бельгиялық Максим қазақстандықтардың құжат рәсімдеу, анықтама алу үшін мекемеге бармай-ақ, барлық мәселені санаулы секундта смартфон арқылы шешетініне тәнті. Мемлекеттік қызметке жүгінудің, төлем жасаудың цифрлық форматқа көшуі-адамның уақытын үнемдеп, өмірін жеңілдетеді, дейді ол.

Максим Вердут, Гент қаласының тұрғыны:

Сіздерде алақанмен ақша төлеу, банк картасын бірден шығарып беретіні мені қатты таңқалдырды. Бізде картаны поштамен жеткізгенше, онан соң оны іске қосу үшін тағы бірнеше күн күтуге тура келеді. Қазақстанда тамақ пен тауарға тапсырыс берсең, санаулы минутта үйіңе жеткізіп береді. Ал бізде Бельгияда ондай жылдамдық жоқ. Бізге осы тәжірибені енгізу қажет. 

«Қазақстанның электронды үкіметтен бөлек жасанды интеллектіні, жоғары технологиялық стартаптарды дамытуға басымдық бергені үлгі тұтарлық», дейді Брюссельдегі технологиялық компанияның жетекшісі. IT маманы елде цифрлық экономиканы дамыту-мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғанын жоғары бағалайды.

Асма Бен Бахида, технологиялық компанияның бас директоры:

Жұмыста күнделікті қолданатын құралдардың авторы Higgsfield компаниясының Қазақстанда құрылғанын енді білдім. Сіздердің компанияларыңыздың өнімін қазір Голливуд насихаттап жатыр. Ғажап. Елдеріңізде тұтас экожүйе дамып келеді, жасанды интеллект хабтары құрылған. 100 мыңнан астам студентті жасанды интеллект бойынша оқытудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұндай керемет бастама көптеген елдер үшін үлгі.

Инженер Астанадағы Alem AI жасанды интеллект орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті. Ынтымақтың жай-жапсарын қазір Бельгиядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлерімен пысықтап жүр. Ал Алматы мен Астанаға бес рет сапарлаған Максим алақанмен ақша төлеп, пәтерін Face ID-мен кілтсіз ашып жүрген қазақстандықтар жайлы айтудан жалықпайды. Бельгияда да сандық технологияның игілігін көретін күн алыс емес деп сенеді.


Бөлісу