Басты Жаңалықтар Қазақстандықтар ақша жинауға көңіл бөле бастады

Қазақстандықтар ақша жинауға көңіл бөле бастады

Астанада Назарбаев Университетінде Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-талдау клубының алтыншы отырысы өтті. Басты алаңда - Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы. Яғни нәтиже қандай? Халықтың қаражат сауаты қаншалықты артқан? 

Қазақстандықтар ақша жинауға көбірек көңіл бөле бастаған. Биыл халықтың жинаққа бейімділігі 20 пайыздан асып отыр. Депозит ашатындар саны да артып келеді. Осы қазан айынан бастап валюталық депозиттің кей түрлері бойынша шекті мөлшерлеме 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтерілді. Банктердің жаңа ұсыныстары қазан айының соңына дейін пайда болуы мүмкін. 

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:

Енді бізде қаржы өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Біздің ойымызша, биылғы жылды алатын болсақ, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, халық қаржы өнімдеріне келгенде саналы түрде келеді. Бұрынғыдай бассыздық жоқ.

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, қазір проблемалық несиенің үлесі айтарлықтай төмендеген. Жалпы несиелердің ішінде проблемалық кредиттің үлесі 3-4 пайыз көлемінде екенін жеткізді. Жалпы Ұлттық Банктің сараптамалық-талдау клубының басты мақсаты да осы – халықтың қаржылық сауатын көтеріп, сарапшылармен түрлі мәселелерді талқылау және олардың шешілуіне жол ашу. Бүгінгі басқосуда негізгі үш мәселе талқыланды.

Бекжан Қуандықов, ҚР Ұлттық банкі Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті басқармасының бастығы:

2025 жылғы Қаржылық тұрақтылық есебін таныстырамыз. Ол есеп негізінен 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі – макроэкономикалық саясатқа байланысты болса, екінші бөлім – банктердің және микроқаржы ұйымдарының тәуекелдерін талдауға, ал қорытынды – үшінші бөлім банктердің және жалпы қаржылық. Бұл бағытта біз жалпы жеке банк емес, бүкіл банк секторын қадағалаймыз. Мұнда біз негізінен кредиттік тәуекелдерге көңіл бөлеміз.

Қорыта айтқанда, халықтың жинаққа қызығушылығы артып келеді. Ендігі мақсат – осы қаржылық сауаттылықты одан әрі күшейту. Бұл – Ұлттық Банктің сараптамалық-талдау клубының басты мақсаты.


Бөлісу