Ұстазды ұлықтау – өркениетті қоғамның қасиеті
Биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығына мемлекеттік грант алды. Жаңа оқу жылы алдында мектептерге 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданған. Президент бұл көрсеткішті ұстаздық мамандыққа қызығушылықтың артқанымен байланыстырды. Ақордадағы салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім мәртебесін көтеру және білім сапасын арттыру жөніндегі міндеттерді атады. Сонымен қатар ел мектептерінде жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай стандарты енгізіледі. Озық цифрлық платформалар қаладағы да, ауылдағы да мектептерге қолжетімді болады. Президент жаңа технология мұғалімді артық жұмыстан босатуы тиіс екенін айтты.
Президент сарайы. Әдетте саяси келіссөздер өтетін мәрмәр залына бүгін мұғалімдер қауымы жиналды. Астанадан бастап, шалғайдағы ауыл мектебінің мұғалімдері бар. Оқу ордасынан Ақордаға келген ұстаздар жүзінен қуаныш пен толқу қатар байқалады.
Марта Малайдар, білім беру саласының ардагері:
Әрине өте қуаныштымын. Бақытты сәттерімнің бірі деп ойлаймын. Ақордаға келу – үлкен құрмет. Сондай ерекше сезімде отырмын.
Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі мұғалімге деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Президент бүгінде мұғалім күні жалпыұлттық мерекеге айналғанын атап өтті. Мемлекет ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған жүйелі шараларды жалғастыра бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат.
Құрмет, Ерен еңбегі үшін, Шапағат. Бүгін мұғалімдер кеудесіне медаль тағып, мерейі тасыды. 11 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын иеленді. Солардың бірі - Меруерт Мұқашева. 30 жылдан бері бар білгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Мамандығын азаматтық борышына балаған мұғалім ағартушылық ісі үнемі ізденісті талап етеді дейді.
Меруерт Мұқашева, ШҚО Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі:
Заманауи жаңа форматта біз ілесіп отыруымыз керек. Жаңа буын, жаңа талап, жаңа мүдде келсе біз сол заманның талабына сай болуымыз керек. Қандай дүние болса да біз оқу мәдениетімен, оқуға құштар мектебімнің арқасында кез-келген технологияға төтеп бере аламыз.
Бала оқыту оңай іс емес. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық иелерінің жағдайын жасауға үлкен көңіл бөлініп отыр. Соңғы 5 жылда педагогтердің жалақысы 100 пайызға өсті. Соңғы жеті жылда 1300-ден аса мектеп салынды. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету жолдары қарастырылып жатыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Аттестациясын жеңілдету мәселесі болатын, оны да жеңілдеттік. Және бөлім жөніндегі бақылау БЖБ және ТЖБ-ларды бастауышта алып тастадық. 5-11 сыныптарға әрі қарай алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірқатар ұстаздарымыз сызу пәнін қайтаруды ұсынды. Сол пәнді қайтаруға еңбек етіп жатырмыз.
Ақордада ардагерлер де ардақталды. Қаламқас Тілеубаеваның білім саласында жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасырдан асқан. Ұлағатты ұстаздың айтуынша, егемендіктің алғашқы жылдары оқу бағдарламасы жұтаң, оқулықтар тапшы болды. Ал бүгінде оқимын деген балаға барлық жағдай қарастырылған.
Қаламқас Тілеубаева, Ақтау қаласындағы А. Ұлас атындағы инновациялық мектеп-гимназиясының директоры:
Мұғалім деген – ең мәртебелі мамандық, ең адал мамандық, ең құрметті мамандық. Мен осы мамандықтың иесі болғанымды өзімді бақыттымын деп сезінемін. Жаңа маған Президент осы атақты бергенше мен өзімнің қандай атақ алатынымды білген жоқпын. Сондықтан бұл – үлкен мәртебе. Үлкен мақтаныш, үлкен абырой, үлкен мерей деп есептеймін. Ұстаздық жолымдағы маған берілген үлкен баға деп санаймын.
Ал көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлмира Тұрдыбекқызы балаларға ұлттық нақышта кәдесыйлар жасауды қолға алған. Оның сөзінше, тәлім-тәрбие беруде ойыншықтың рөлі орасан.
Гүлмира Тұрдыбекқызы, Түркістан облысы Бірінші мамыр жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
Ұлттық құндылықтағы нағыз қазақ бейнесін өзіміздің жастарға, шетелдіктерге паш ету. Сол мақсатта бүгін де мен оқушылармен қазақтың ойыншықтарын кәдесый қылып жасап жатырмын. Сол кәдесыйлардың арқасында қаншама жетістікке жеттім. Жас ұрпақты ұлттық құндылыққа баулыдым.
Енді білім беру жүйесіне жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіледі. Президент жаңа технология мұғалімді артық жұмыстан босатуы керек екенін айтты. Бұл ұстазға оқушымен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт береді. Мемлекет басшысы технология дамыған кезеңде кітап оқудың маңызы төмендемеуге тиіс екенін де атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халқымыздың асыл перзенті Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген тамаша сөзі бар. Кітап білімпаздыққа, жанашырлыққа, парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Кітап оқу – азаматтарды, әсіресе жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан. Сондықтан мен биыл мамыр айында «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін Үкімет жыл соңына дейін тиісті тұжырымдама қабылдайды.
Алмажан Жұмағалиева, БҚО Қ. Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімі:
Жасанды интеллект қалай жасап береді соны солай жариялай салатын адамдарды көріп жүрміз. Бұл бізді толғандырады. Өйткені олай болмауы керек. Адам әр уақытта да өз құндылығын сақтап, интеллектуалдық қабілетін дамытып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді түрде қолдану керек деп ойлаймын.
Президент білімді, еңбекқор және жауапты ұрпақ тәрбиелеуді стратегиялық міндет деп атады. Оның айтуынша, баланың болашағы мектепте алған білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Бұл жұмыста мұғалімнің орны айрықша. Мемлекет ұстаздың кәсіби дамуына және қоғамдағы мәртебесіне қолдау көрсетуді жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруі тиіс. Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор. Үкімет осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет.
Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек. Әйгілі фильмдегі Рахманов ағайдың бұл сөзі әр ұстаздың басты ұстанымы болуы тиіс. Иә мұғалім деген аяулы да, қадірлі әрі жауапты мамандық. Өйткені бала деген болашақ. Қазір елімізде 600 мыңға жуық ұстаз осы маңызды миссияны атқарып жүр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мемлекет басшысы ұстаз еңбегін тек білім берумен шектеген жоқ. Мұғалімнің міндеті адал, еңбекқор, заңды құрметтейтін азамат тәрбиелеу екенін айтты. Президент мұны қоғамда қалыптасып келе жатқан жаңа құндылықтармен байланыстырды. Тазалық пен жауапкершілік те балаға ең алдымен мектептен сіңеді. Сондықтан елдің болмысы да, келешегі де ұстаз берген тәлімнен бастау алатынын еске салды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы