Елордаға Оман Сұлтаны келді
Қазақстанға алғаш рет Оман Сұлтаны сапармен келді. Елорда әуежайында мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы өзі қарсы алды. Қазақстан мен Оман сан саланы қамтыған ауқымды келіссөздер өткізбек. Екі ел әріптестігінің әлеуеті қандай? Оман сұлтанын қарсы алу рәсіміне әріптесім Шерхан Жамбылұлы да қатысып келді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Астанада бүгін күн суытып, жел тұрып тұр. Елорда Оман Сұлтанын қылаулаған алғашқы қармен қарсы алды. Хайсам бен Тариқ Әл Саид өз елінің басшысы ретінде Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол министр мәртебесінде елімізге 2006 жылы сапарлаған. Маскаттан ұшып шыққан борт елорда әуежайына жаңа ғана келіп қонды. Мәртебелі мейманды аэропорттан Президент өзі қарсы алды. Мемлекет басшылары наурызда телефон арқылы сөйлескен. Ол кезде әңгіме өзегі Таяу Шығыстағы ахуал болған еді. Ал бұл жолы басты тақырып экономика мен инвестиция болатын сыңайлы. Себебі Сұлтан өзімен бірге үлкен делегация ерте келген. Олардың қатарында министрлер, кәсіпкерлер және инвестициялық қор басшылығы бар. Жалпы Оман – абсолютті монархиялы ел. Хайсам бен Тариқ әл Саид таққа 2020 жылы келген. Халық саны 5 миллион 700 мың. Сұлтанат Араб түбегінің оңтүстік-шығысында орналасқан. Сондықтан географиялық орны стратегиялық маңызға ие. Себебі Ормуз бұғазының бір бөлігі Оман суларынан өтеді. Қазақстан мен Оман арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнаған. Екі ел арасындағы сауда көлемі әзірге көп емес. 2025 жылы алыс-беріс 900 мың долларға жуықтады. Ал биылғы алты айда 300 мың доллар шамасында болған. Қазір ортақ инвестициялық портфельде 5 ірі жоба бар. Олардың жалпы құны шамамен 3 миллиард доллар. Биыл сәуірде «Самұрық Қазына» мен Oman Investment Authority ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Соның негізінде бірлескен инвестициялық платформа құру жоспарланған. Ол жаңа кәсіпорындар ашуға және ортақ жобаларды қаржыландыруға арналған. Жалпы 20 жылда Омандықтар біздің елге 273 миллион доллар инвестиция салған. Әріптестік әлеуетінің тағы бір маңызды бағыты – логистика. Қазақстан Оманның порттарына қызығушылық танытып отыр. Бұл порттар Араб теңізіне шығады. Қазақстан тауарларын осы бағыт арқылы Парсы шығанағына, Оңтүстік Азия мен Африка нарықтарына жеткізуге болады. Ал сапар аясындағы негізгі іс-шаралар ертеңге жоспарланған. Қасым Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ кең көлемде келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар бірлескен бизнес форум жоспарланған.
Автор
Шерхан Жамбылұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«Әділет» партиясы орта бизнестің үлесін 20 пайызға жеткізуді ұсынды
05.10.2026, 20:37
Қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа стадион іске қосылды
05.10.2026, 20:22
Жаңа технология – ғылымға серпін
05.10.2026, 20:21
Кітап оқып, 10 миллион теңгеге ие бол!
05.10.2026, 20:21
Кітап – алтын қазына
05.10.2026, 20:20
Ұстаз – ұлт болашағының шамшырағы
05.10.2026, 20:18
Ұлағатты ұстаздар марапатталды
05.10.2026, 20:17
Трактор тізгіндеген кейуана ауылдастарына қолғабыс етіп жүр
05.10.2026, 20:16