Басты Жаңалықтар Almaty SuperSki жобасы аясында 2 мың шырша отырғызылды

Almaty SuperSki жобасы аясында 2 мың шырша отырғызылды

Алматыдағы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды. Экологиялық акцияға Экология министрі, Алматы әкімі, жоба өкілдері, ғалымдар мен қала жастары қатысты. Бұл – Көкжайлауда жүзеге асатын Almaty SuperSki жобасы аясындағы алғашқы экологиялық шаралардың бірі. Өйткені мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін тау курортын салу жоспарланып отыр. Сондықтан жоба өкілдері жұмысты ағаш отырғызудан бастады. Алматы тауларына келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Жыл басынан бері Іле-Алатауы ұлттық паркіне 1 миллион 300 мыңнан астам адам барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 93 пайызға көп.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі:

Қазір Шымбұлақтың өткізу мүмкіншігі 6 мыңға жуық. Ең шекті өткізу мүмкіндігі. Қазір 15 мыңнан асты, 20 мыңға жетіп жатыр. Сұраныс көтеріліп жатыр. Оған сыймағаннан кейін Бұтақтыға, басқа жерге көтеріліп барады. 2018 жылы 200 мың халық көтерілген болса, биыл 1,5 миллион болайын деп жатыр. Ал келешекте бұдан да қатты көтеріледі.

Тауға шығатындар санының артуы демалыс орындары мен туристік нысандарға сұраныстың да өскенін көрсетеді. Қазір Алматы тауларында келушілерге арналған 850 шақырымға жуық 100-ге тарта тау бағыты абаттандырылған. Көкжайлауға шамамен 60 шақырым шаңғы трассасы мен 11 аспалы жол салу жоспарланған. Қыста шаңғы мен сноуборд тебуге, ал жазда треккинг пен тау велосипеді сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, Көкжайлаудағы жұмыс табиғатты қорғау шараларымен қатар жүргізіледі.

Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры:

Осы жобаны бастамас бұрын 7 бағыт бойынша мемлекеттік институттарды, ғалымдарды тартып, терең зерттеулерді өткіздік. Олар ағаштарға ғана байланысты емес, жануарларға, су жетіспеушілікке байланысты зерттеулер, археология бар, мұздықтардың еруіне қатысты сұрақтардың бәрін шешіп, ғылыми зерттеулермен дәлеледеп, қоғамдық талқыладудан жобаны өткізіп, қазір жұмысымызды бастадық. 2028 жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап жатырмыз.




Бөлісу