Жүлде қоры 100 мың доллар: Astana Hub Battle 2026 жеңімпаздары белгілі болды
Астанада Astana Hub Battle 2026 байқауының жеңімпаздары анықталды. AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында өткен финалда Орталық Еуразия елдерінен 50 стартап 100 мың долларлық жүлде қоры үшін бақ сынады.
Байқауға биыл 14 елден 292 өтінім түскен. Жартылай финалға 50 жоба өтіп, олардың арасынан 14 стартап финалға іріктелді. Қорытынды кезеңде төрт номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.
Impact Maker номинациясында CYBERPACK.AI, Market Shaper номинациясында NCSpeech, Growth Engine номинациясында Astana Dynamics, ал Investor’s Choice номинациясында Aman стартапы жеңіске жетті. Әр жобаға 25 мың доллардан сыйақы табысталды.
Бұдан бөлек, Aman жобасы MA7 Ventures тарапынан 200 мың доллар көлемінде қосымша грант иеленді. Ал Pulsar AI стартапына Yandex Kazakhstan 10 млн теңгенің бұлттық ресурстарын, M3TRIQ командасына «Қазақтелеком» 25 мың долларлық GPU-ресурстарын ұсынды.
Финалға CYBERPACK.AI, Aman, MYupgrade, Hi Doctor, Astana Dynamics, BEST Vision, Spacelab, Welcome Video AI, NCSpeech, Pulsar AI, AuaSense, M3TRIQ, Behype және Resti жобалары қатысты.
Astana Hub Battle дайын өнімі бар, MVP немесе PMF сатысындағы стартаптарға арналған. Байқау биыл жасанды интеллект, медицина, білім беру, финтех және басқа да бағыттардағы технологиялық жобаларды бір алаңға жинады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы