Almaty Superski жобасы аясында 2 мың шырша отырғызылды
Бүгін Алматыдағы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды. Экологиялық акцияға Экология министрі, Алматы әкімі, жоба өкілдері, ғалымдар мен қала жастары қатысты. Бұл - Көкжайлауда жүзеге асатын Almaty SuperSki жобасы аясындағы алғашқы экологиялық шаралардың бірі. Өйткені мұнда жыл он екі ай жұмыс істейтін тау курортын салу жоспарланып отыр. Сондықтан жоба өкілдері жұмысты ағаш отырғызудан бастап, мұндай шараларды алдағы уақытта да жалғастырмақ. Ал Алматы тауларына келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Жыл басынан бері Іле-Алатауы ұлттық паркіне 1 миллион 300 мыңнан астам адам барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 93 пайызға көп.
Дархан Сатыбалды, Қала әкімі:
Қазір Шымбұлақтың өткізу мүмкіншігі 6 мыңға жуық. Ең шекті өткізу мүмкіншілігі. Қазір 15 мыңнан асты, 20 мыңға жетіп жатыр. Сұраныс көтеріліп жатыр. Оған сыймағаннан кейін Бұтақтыға, басқа жерге көтеріліп барады. Енді соны ұйымдасқан түрде біз оны кеңейтіп, дұрыс қолдап көрсетіп беруіміз керек қой. 2018 жылы 200 мың халық көтерілген болса осы тауларға, биыл 1,5 миллион болайын деп жатыр. Ал келешекте бұдан да қатты көтерілетін болады.
Тауға шығатындар санының артуы демалыс орындары мен туристік нысандарға сұраныстың да өскенін көрсетеді. Қазір Алматы тауларында келушілерге арналған 850 шақырымға жуық 100-ге тарта тау бағыты абаттандырылған. Ал Көкжайлаудағы Almaty SuperSki жобасы тауда жыл он екі ай демалуға мүмкіндік бермек. Мұнда шамамен 60 шақырым шаңғы трассасы мен 11 аспалы жол салу жоспарланған. Қыста шаңғы мен сноуборд тебуге, ал жазда треккинг пен тау велосипеді сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Жоба жетекшілерінің айтуынша, Көкжайлаудағы жұмыс табиғатты қорғау шараларымен қатар жүргізіледі.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры:
Осы жобаны бастамас бұрын, 7 бағыт бойынша мемлекеттік институттарды, ғалымдарды тартып, терең зерттеулерді өткіздік. Олар ағаштарға ғана байланысты емес, жануарларға, су жетіспеушілікке байланысты зерттеулер, археология бар, мұздықтардың еруіне қатысты сұрақтардың бәрін шешіп, ғылыми зерттеулермен дәлеледеп, қоғамдық талқыладудан жобаны өткізіп, қазір жұмысымызды бастадық. 2028 жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап жатырмыз. Әрине, осы жоба өте ірі инфрақұрылымды жоба. Соның аумағында шағын және орта бизнес өкілдері пайда болады, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орыны ашылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы