Басты Жаңалықтар Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығы атап өтілді

Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығы атап өтілді

Бір гектардан 60 тонна қант қызылшасын алып,  ерен еңбегімен елге  танылған Зылиха Тамшыбаеваның туғанына 90 жыл. Осыған орай жетісулықтар еңбек майталманының есімін ұлықтап, еске алу шарасын ұйымдастарды. Жиналғандар еңбек адамының кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегесін әңгімеге арқау етті.

Мәдени шара сала саңлағына тағзым етіп, бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиынға келгендер Зылиха Тамшыбаеваның кәсіби біліктілігі мен іскерлігін еске алды. 35 жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп, өндіріс көлемін еселеді. Осылайша шаруашылықты өңірдегі үздіктер қатарына қосты. Кәсібі өркендеген аймақтың тұрмыс-тіршілігі де жақсарды.

Жұмабала Балақаранова, Көксу ауданының құрметті азаматы:

Өзінің алдына келген адамды өзіне баурап алатын. Ол кісінің артынан еріп кетпеу мүмкін емес. Сондықтан әр жаңа бастамаларға, жақсылыққа өзі бастаушы болды.

Бүгінде Еңбек Ерінің артында 4 перзенті, 10-нан аса немересі қалды. Ұрпағы түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Сағира Әбдірахманова анасының берген тәрбиесі ұрпақтарының қалыптасуына үлкен ықпал еткенін айтады.

Сағира Әбдірахманова, Зылиха Тамшыбаеваның қызы:

«Адам болғыларың келсе, еңбек істеңдер», – деді. Сосын тағы бір өсиеті бар болатын. «Қандай нәрсе болса да, соған тоқ көзбен қараңдар», – деп. Сонда бәрі шешіледі. Барлығы дұрысталады деп, еңбектеніңдер деп жол көрсетіп кетті.

Жетісудың ардақты перзенті қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттырды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне төрт мәрте депутат болып сайланды. Ауыл халқының мәселесін республикалық деңгейде көтерді.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Бұл шаруашылық білім тарататын орталық болды. Бүкіл Кеңес өкіметіне, оның ішінде Қазақстанға қызылшаны қалай себу керек, қалай өңдеу керек, жинау керек, соны барлығын осы жерге келіп, біздің әріптестеріміз үйренді.

Мерейтойлық шара ауыл тұрғындарының да қуанышына ұласты. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа баспананың кілтін табыстады. Осылайша 15 отбасы қоныс тойын тойлайды.


Бөлісу