Ұстаздық еткен әулеттің еңбек өтілі 2 ғасырға жуықтайды
Жетісу облысындағы Жапақовтар әулетінің педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілі 2 ғасырға жуықтайды. Ордалы отбасының үш буыны саналы ғұмырын білім саласына арнаған. Бүгінде олар еліміздің әр аймағында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Ұстаздық жолды атакәсіпке айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғағандардың бір өкілі Талдықорғанда тұрады.
Майгүл Жапақова 30 жылдан бері қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Оның ата-анасы да ұстаздыққа саналы ғұмырын арнаған жандар. Қала берді, оның бауырлары да осы саланы таңдап, шәкірт тәрбиелеп жүр.
Майгүл Жапақова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Әкенің қанымен, ананың сүтімен дарыған шығар. Ұстаздық жол ұлы жол. Бұл ұлы жолды жауапкершілікпен атқару әрбір ұстаздың парызы деп ойлаймын. Себебі әрбір ата-ананың аманаты - бала.
Майгүл Жапақованың өмірлік серігі де мұғалім. Жастарға көркем сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп, шығармашылыққа баулиды. Бұл үрдіс отбасының кейінгі буынында да жалғасын тапқан. Оның перзенті Әрсен Үлгінұр де ата-анасының жолын жалғауға ниетті. Қазір студент. Оқу орнын тәмамдаған соң дене шынықтыру пәнінен дәріс бермек.
Әрсен Ілімнұр, студент:
Мен көптеген оқушыға сабақ беремін. Ол оқушылардың өміріне жауаптымын. Және де әр оқушы – жеке тұлға. Тек қана сабақ бермей, олардың қабілеттерін ашуым керек.
Мамандардың айтуынша, ұстаздық ортада өскен бала мұғалім еңбегінің мәнін ерте түсінеді. Сабаққа дайындық, шәкіртпен қарым-қатынас, ізденіс пен жауапкершілік – оның бала күнінен көріп өскен дүниесі. Сондықтан мұндай орта маманның кәсіби қалыптасуына өз әсерін тигізеді.
Айжан Жұмаділова, Ш. Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының директоры:
Педагогтер әулетінен шыққан ұстаздар осы педагогика мамандығының ерекшеліктерін бала күнінен түсінеді. Отбасында педагогтер болатын болса, олардың әрқашан кеңес алу мүмкіндігі бар.
Ұстаз
еңбегінің ел үшін маңызы зор. Өйткені бүгінгі шәкірт – елдің ертеңгі азаматы.
Сондықтан сапалы білім мен дұрыс тәрбие беру – болашаққа жасалған маңызды
қадам.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы