Вице-Премьер Қанат Бозымбаев Атыраудағы коммуналдық нысандардың жай-күйімен танысты
Инфрақұрылымдық жобаларды кейінге қалдырмай, уақытында іске асыру керек. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысында осы мәселеге баса назар аударды. Вице-Премьер жұмыс сапары барысында Жайық жағасындағы құтқару жасағы ғимаратының жай-күйін көріп, азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығын тексерді. Кейін ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асып жатқан нысандармен танысты. Қазір шаһарда тозу деңгейі 95 пайыздан асқан 8 шақырым жылу желісі жаңғыртылып жатыр. 2030 жылдың соңына дейін 26 шақырым жаңа жылу желісін тарту жоспарланған. Сонымен бірге 400 шақырымнан асатын электр желісін ауыстырып, 46 трансформаторлық қосалқы станцияны жаңартуды көздейтін 9 іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Қанат Бозымбаев кәріз тазарту ісінің және булану алаңдарын рекультивациялау барысымен де танысты. Оның ішіндегі ауқымдысы қала іргесіндегі «Квадрат» алаңы. Бірақ технологиялық сызбадан ағынды суды залалсыздандыру, қосымша және биологиялық тазарту технологияларына қатысты біраз шикілік анықталды. Вице-премьер сала мамандарына қателіктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуды тапсырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Атырау облысында экология мәселесі ең бірінші мәселе ғой. Сондықтан бұл тым созылып кетті. 10 жылдай, одан да асады. Сондықтан бұл мәселеге шектеу қою керек. Бір жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеп, екі жылдың ішінде мәселені шешу керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы