Туристік шаһардың жаңа келбеті
Қонаевтағы жағажайлардың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Былтыр бюджет қаражаты есебінен №5 жағажай абаттандырылса, биыл оған іргелес бір шақырым жағалау инвестор қаражаты есебінен жөнделді. Қазір нысан қала балансына берілген. Жағажайдың жаңа келбетін тілші Жазира Оразқызы көріп қайтты.
Жазира Оразқызы, тілші:
Күн сайын келбеті көріктене түскен бұл жағалау жер-жерден келетін туристер мен тұрғындар үшін жиі келетін орынға айналған. Жағалау аумағы кезең-кезеңімен абаттандырылып, қазір барлық жағдай қарастырылған. Бұл жерде балалар алаңдары, тамақтану орындары және ойын-сауық кешендері орналасқан.
Ауқымды жоба аясында жағажайды кеңейтіп, модернизациялауға 4 миллиард 530 миллион теңге инвестиция салынған. Соның арқасында демалушыларға арналған аумақ ұлғайып, жағалау инфрақұрылымы толық жаңартылды.
Рахман Шахарбек, Қонаев қаласы әкімі аппаратының басшысы:
Жағалауды әлемдік стандарттарға келтіру мақсатында барлық жағдай жасалған. Бизнес орталықтар, қонақүйлер, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары толықтай орнатылды. Олардың барлығы ЖИ-ға жалғанған, тегін интернет желісі де тартылған.
Жағалау аумағының жаңаруы шаһардың туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етті. Мәселен, былтыр Қонаевқа 2 миллионға жуық адам келіп, рекордтық көрсеткішке жетті. Шомылу маусымы аяқталғанына қарамастан, ажарланған жағалауға келушілердің қарасы әлі де үзілген жоқ.
Алдағы уақытта аймақтың туристік инфрақұрылымын дамыту жалғасады. 2028 жылға дейін қалада жалпы құны 306 млрд теңгеге тең 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл бастамалар шаһардың туристік әлеуетін арттырып, Қонаевты заманауи демалыс пен туризм орталығына айналдыруды көздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы