Минскіде Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті таныстырылды
Премьер-министр Олжас Бектенов Минскіде өткен «ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты. Олжас Бектенов жаһандық өндіріс тізбектері жаңарып жатқан кезеңде мемлекеттер арасындағы технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықтың маңызы артып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділіктен өңдеу өндірістерін дамытуға бет бұрғанын айтты. Қазір өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 46,7 пайызға жеткен. 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясында құны 90 миллиард доллардан асатын жобалар іске асырылмақ.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
Бүгінгі көрмеге әлемнің 40-қа жуық елі қатысып отыр. Қазақстан атынан түрлі саланы қамтитын 20 компания келген. Олардың қатарында тау-кен металлургиясы, металлургия, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп және басқа да өндіріс бағыттарының кәсіпорындары бар. Былтыр біз Беларусьпен бірқатар бірлескен өндірістік жобаны таныстырған едік. Алдағы уақытта жаңа жобаларға қызығушылық танытқан бизнес өкілдерімен бірлескен бағыттарды дамыту мәселесін талқылауға дайынбыз.
Сондай-ақ Минскіде Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті. Жиында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Тараптар өзара сауданы кеңейту және көлік-логистикалық байланыстарды дамыту жолдарын талқылады. Отырыс қорытындысында сауда, энергетика және өнеркәсіп салалары бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы