Басты Жаңалықтар Президент: Жасанды интеллект өнеркәсіпті өзгертетін басты күшке айналады

Президент: Жасанды интеллект өнеркәсіпті өзгертетін басты күшке айналады

Президент жасанды интеллектіні өнеркәсіптің нақты құралына айналдыруды тапсырды. Кәсіпорындар өндірістік үдерістерді толық қайта қарап, ЖИ арқылы тиімділікті арттыруы керек. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды жедел коммерцияландыру және өндірістік деректердің ортақ базасын қалыптастыру міндеті жүктелді. Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбалы ғылым мен Deep-Tech жобаларын күшейтуге де назар аударды. Мемлекет басшысы Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысын өткізді. Жиында тағы қандай мәселелер қаралды? ЖИ экономиканы қалай өзгертеді? Шерхан Жамбылұлы тарқатады.

Әлемдік техно компаниялардың жетекшілері, белді ғалымдар мен сарапшылар. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысына қатысушылар құрамы салмақты. Жиын басталмай жатып олар пікірлесіп, телефон алмасып жатыр. Сарапшылар Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

Усама Файяд, Northeastern university профессоры:

Қазақстанда жасанды интеллектіге деген қызығушылық өте жоғары. Жаңа білім алуға ынта бар. Ел осы бағытта көшбасшылыққа ұмтылып отыр. Біздің міндетіміз - Қазақстанға өзіндік стратегиясын айқындауға көмектесу. Өзгелер жасап жатқан қадамдарды қайталау маңызды болуы мүмкін. Бірақ бұл өздігінен көшбасшылыққа жеткізбейді. Қазақстанның Орталық Азияда ғана емес, жекелеген бағыттар бойынша халықаралық деңгейде де алға шығуға мүмкіндігі бар.

Президент бастамасымен құрылған басқосу дәстүрге айналып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше,  жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірде бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың бірі болмақ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бір миллиард доллар. Қазақстанның былтырғы IT қызметтер экспорты осындай межеден асты. Отандық цифрлық өнімдер қазір 100-ден астам елде қолданылады. Ендігі маңызды міндет - жасанды интеллектіні нақты салаларға енгізу. Бүгін Президент төрағалығымен өтіп жатқан кеңеске беделді ғалымдар мен техноалыптар жиналды.

Жасанды интеллект енді тек цифрлық сектордың құралы емес. Технология өндірістің тиімділігіне тікелей ықпал етіп жатыр. БҰҰ-ның биылғы есебінде Жасанды интеллект бес трансформациялық мегатрендтің қатарына кірді. Соңғы бес жылда бұл технологиямен байланысты патенттердің үлесі үш есе өскен. Президент осы өзгерістер аясында Қазақстан өнеркәсібіне жаңа міндет қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін-өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек.

Биыл сегіз айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 46 триллион теңгеге жуықтады. Ендігі міндет - еңбек өнімділігін арттырып, қосылған құны жоғары өндірісті кеңейту. Президент бұл үдерісте жасанды интеллект негізгі құралдың бірі болуы тиіс деді. Ал әлемге танымал жасанды интеллект сарапшысы Ли Кай-Фу көш ілгері болу үшін батыл қадамдар қажет екенін айтады.

Ли Кай-Фу, Sinovation Venture және 01.ai бас директоры:

Жақында жасанды интеллект саласы өте дамыған елдердің бірінде болдым. Сол елдің өкілдері Қазақстан бір күні оларды қуып жетіп, тіпті басып озуы мүмкін екенін айтты. Олардың пікірінше, Қазақстанда өзгеріс жасауға деген жігер мен батылдық жоғары. Жасанды интеллект әлемді қазірдің өзінде өзгертіп жатыр. Сондықтан батыл қадам жасайтын уақыт келді. Қазақстан батыл. Қазақстанда әлеует бар. Меніңше, Қазақстан осы өзгерістен ұтатын елдердің бірі болады.

Ал таяуда Астанада ашылған Орталық Азиядағы алғашқы Жасанды интеллект университеті өндірістің нақты сұранысына негізделген қолданбалы зерттеулермен айналысады. Инженерлер мен технологтар ұсынған міндеттерге ғалымдар, технологиялық компаниялар және стартаптар бірлесіп шешім іздейді. Осы ретте Президент тиімділігі дәлелденген шешімдерді кеңінен енгізудің қарапайым тетігін құру қажет екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көптеген перспективті шешімдер пилоттық жоба сатысынан сәтті өткенімен, қосымша келісулер, қайталама сынақтар, күрделі сатып алу үдерістері мен заңнамалық шектеулер салдарынан аяқсыз қалады. Бұл кәсіпорындардың пайда табуына және әзірлеушілердің нарықта жол табуына кедергі келтіреді. Үкіметке табысты пилоттық жобаларды тез арада коммерцияландыру және кеңінен тарату жолдарын қарастыруды ұсынамын. Экономикалық тұрғыдан пайдалы шешімдерді іске асыруда артық кедергілерден арылған абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы АҚШ-та Президент Трамп пен ірі технологиялық компаниялар қол қойған ерікті келісімге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын. Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады.

Қазақстан осы мәселе бойынша халықаралық ұсыныс әзірлемек. Кеңес мүшелеріне нақты ұсыныстар дайындау тапсырылды. Ортақ ұстанымды биыл желтоқсанда Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстыру жоспарланған.

Президент Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатына қатысты

Кеңес өтіп жатқан уақытта Экспо аумағында Astana AI Film Festival қатысушылары жиналып жатты. Бұл жаңа технологиялардың тек ғылым мен өндіріске емес, шығармашылққа да елеулі әсер етіп жатқанының нақты көрінісі. Халықаралық байқаудың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы да арнайы  қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа арнаған адамдар үшін таптырмайтын көмекші.

Байқау ашық және тақырыптық екі бағыт бойынша өтеді. Жалпы, жүлде мен өндірістік қордың көлемі 2 миллион доллар. Қазақстандық авторлар  фестивальге 829 фильм ұсынған. Оның екеуі ақтық сынға өтті.

Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық байқауының талантты әрі мақсатшыл жандарға тың мүмкіндік сыйлап, әлемдік креативті индустрияны ілгерілетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.


Бөлісу