Жаңа автокөлік өткелі пайдалануға берілді
Шымкентте Тіленшин көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі пайдалануға берілді. Бұған дейін мұнда пойыз өткен сайын қозғалыс тоқтап, ұзынсонар кептеліс пайда болатын. Енді жаңа көпір көлік қатынасын жеңілдетіп, іргелес аудандар арасындағы байланысты жақсартпақ.
Бұл маңда көлік қозғалысы теміржолдағы қатынасқа тәуелді еді. Тәулігіне мұнда 60-қа тарта пойыз өтеді. Әр құрам жақындаған сайын көлік легі іркіліп, өткел алдында ұзынсонар кептеліс пайда болатын. Әсіресе таңертеңгі және кешкі қарбалас кезінде қозғалыс қиындап, жедел қызмет көліктерінің жүруіне де кедергі келтіретін.
Нұржан Құрбанашов, көлік жүргізуші:
Алдын бұл жерде переезбен өтетін едік қой, ол кезде жарты сағат, бір сағат уақытқа дейін пробкада тұратын тұғынбыз. Кәдімгідей уақытымызды құртатын едік осы жерде тұрып. Қазір, міне, көпір істеліп 30 секундта өтіп кетіп жатырмыз.
Ұзындығы 853 метр болатын өткелдің жалпы құны 4,5 миллиард теңге. Ауқымды нысанның кепілдік мерзімі – 50 жыл.
Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Теміржолдың үстінен бір деңгейде өту қиындық туғызатын. Әсіресе үлкен көліктерге. Бұл жолдың туристік бағыттары көп, индустриалды аймақтарға баруға болады, Төле би ауданының таулы аймақтарына шығуға ыңғайлы жағдай туғызады.
Көпір іске қосылғанымен, мұндағы жұмыс әлі түйінделген жоқ. Жаңа өткелдің айналасы да абаттандырылып, іргелес көшелердегі қозғалыс ретке келтіріледі. Нысанды аралаған шаһар басшысы мердігерге жолдың келесі қабатын сапалы төсеп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Еркінгүл Оспаналиева, мердігер:
Тығыздалуы жақсы болғандықтан, енді екінші қабатын төсейміз. Қазір тек ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Жұмысты 2026 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл биыл қалада іске қосылған екінші автокөлік өткелі. Жыл басында Момынов көшесінде де жаңа көпір пайдалануға берілген. Екі нысан да теміржол желісімен түйісетін жолдардағы көлік нөпірін азайтып, қозғалысты жеңілдетуге сеп болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы