Басты Жаңалықтар «Қобыланды батыр» жыры ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуі мүмкін

«Қобыланды батыр» жыры ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуі мүмкін

«Қобыланды батыр» жыры ЮНЕСКО-ны материалдық емес мұралар тізіміне енуі мүмкін. Ақтөбеде «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында «Қобыланды батыр» жыры» тақырыбында Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр. Шетелдік және отандық ғалымдардың айтуынша, қазақтың эпостық жыры тек түркі дүниесіне ғана емес, әлем халықтарына ортақ қазына.

Халықаралық конференция Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Жиынға отандық ғалымдардан бөлек Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ресейден белгілі әдебиет зерттеушілері арнайы келді. Олардың айтуынша, «Қобыланды батыр» жырын мазмұны, көркемдігі жағынан «Манас» жырымен салыстыруға болады.

Абдылдажан Ахматалиев, Ш. Айтматов атындағы әдебиет институтының директоры:

Екі батыр да өзінің елі үшін, жері үшін түрілген, сақтаған. Елді біріктірген, идеямен бітіскен. Сондықтан бұл екі эпос екі елдің рухани символы болып есептеледі.

Қобыланды – жай эпостық кейіпкер емес, ол елі үшін от кешкен тарихи тұлға. Батырдың сүйегі Қобда ауданының Жиренқопа ауылындағы мемориалдық кешенде жатыр. Мұнда жыл сайын мыңдаған турист келеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен жол салынды. Меймандарға арналған қонақүй де бар. Ендігі міндет - «Қобыланды батыр» жырын халықаралық деңгейде насихаттау.

Кенжехан Матыжанов, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы:

Осы уақытқа дейін «Қобыланды батыр» жыры жөнінде бірнеше қадамды бастадық. Екі жыл бұрын «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы жинақталған ғылыми басылымды жарыққа шығардық. Ендігі кезекте осы ғылыми басылымдарды салыстыра отырып, оны әлемнің озық елдерінің тілдеріне аудару мәселесі күн тәртібінде тұр.

Жуырда «Қобыланды батыр» жырының әзірбайжан және саха тілдеріндегі нұсқаларының тұсауы кесіледі. Сондай-ақ бұған дейін жарыққа шыққан ағылшын, орыс және түрік тіліндегі нұсқаларына типологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл жұмыстар эпостың әлемдік мұралар тізіміне енуіне жол ашады. Ақтөбеге келген отандық зерттеушілер мен шетелдік ғалымдарды облыс әкімі Асхат Шахаров қабылдап, ризашылық білдірді.


Бөлісу