Басты Жаңалықтар Түркістан облысында қарияларға арналған 21 орталық жұмыс істеп тұр

Түркістан облысында қарияларға арналған 21 орталық жұмыс істеп тұр

Түркістан облысының Шардара ауданында қариялардың  белсенді өмір сүруіне және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған  «Қасиет» орталығы ашылған. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында зейнеткерлер  қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмеге қатысып, спортпен шұғылданады. Ем  қабылдап, қолөнермен айналысуға да бар жағдай жасалған. Былтырдан бері  орталықта мыңнан аса зейнеткер демалған.

Шардаралық зейнеткер Оңласын Ибрагимова екі жылдан бері осы орталыққа келеді. Жастайынан қолөнерге қызығатын әжей мұнда түрлі құрақ көрпе тігіп, тоқымамен айналысады.

Оңласын Ибрагимова, зейнеткер:

Біздерді мектептер шақырады. Балабақшалар шақырады. Сол жас қыздарға құрақ өнерін үйретіп жатырмыз. Мынандай кілемдерді қазіргілер білмейді ғой. Мұның барлығын соларға көрсетіп жатырмыз. Оқушылар осы жерге келеді.

Ал сексен жастағы қария Қалмырза Мәуленұлы орталыққа таңғы тоғыздан келетінін айтады. Күн сайын шахмат, бильярд ойнап, көңіл сергітеді. Спортпен шұғылданып, өзі сияқты замандастармен әңгіме дүкен құрады.

Қалмырза Мәуленұлы, зейнеткер:

Қай жаққа барамыз біз қартайғанда. Біреудің үйіне бара алмайсың. Бұл жерде дәрігер бар, массаж кабинеті бар. Содан кейін психологтар бар. Бұл жерде ансамбль құрып, билеп, концерт құрып, барлық концертті құр жібермейміз.  

Екі жыл бұрын ашылған орталықта қазір  қырықтан аса адам жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлер түрлі  үйірмелерге жетекшілік етіп, медициналық қызмет көрсетеді.

Бақтыбай Исмайлов, «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

Бұл орталықтың түпкі мақсаты - әлеуметтік көмек көрсету, келген әрбір ақсақалға, апаларға. Солардың жағдайына кіру. Заң құқықтық жағынан, психологиялық жағынан. Демалыс орнына баратын болса, соған қандай құжат рәсімдеу керек, барлығын бір жерден ұйымдастыру, барынша нақты түсіндіру.

Өңірде бүгінде  200 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Олардың арасында 100 жастан асқан 39 қария бар. Егде жастағы азаматтардың салауатты өмір салтын ұстанып, ұзақ жасауына жағдай жасау үшін  өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде жыл сайын 10 мыңнан аса зейнеткер тынығып, шынайы құрметке бөленуде.

Бөлісу