Басты Жаңалықтар Азиада: Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 9-орында тұр

Азиада: Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 9-орында тұр

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының кезекті жарысы тартысқа, эмоцияға толы болды. Бір атлет іріктеуден сүрінсе, енді бірі уысында тұрған алтынды ұстап қала алмады. Жалпы, бүгін Ұлттық құрама өкілдері спорттың 16 түрінен сынға түсті. Еншімізде 8 медаль. Азиаданың астанасы - Нагояда жүрген тілші Асылбек Данияр бүгінгі жарыстарға шолу жасайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Сары құрлық бәсекесінің он екінші күнінде қоржынға түскен 8 медальдің, үшеуін татами шеберлері еншіледі. Оның екеуі күміс, біреуі қола.  Иә, қазақ балуандарына жергілікті атлеттермен бәсекеге түсу оңай болып жатқан жоқ. Біріншіден, өз жерінде өтіп жатыр. Екіншіден, ұлттық спорты. Десе де, жерлестеріміз соңына дейін күресті. Ширек финалда сүрініп, жұбаныш белдесуінде қолаға таласқан 57 келідегі Дана Әбдірова қосымша уақытта Солтүстік Корея өкіліне есе жіберді. Ал жартылай финалда Жапон қызынан жеңілген 63 келідегі Есмигүл болса, қола үшін болған күресте өзбек қызын қапы қалдырды.  Үшінші орында қанағат тұтқан отандасымыз енді Бакудегі жаһандық додада бақ сынайды. Айта кету керек, бұл Есмигүлдің екінші Азиадасы, екінші қоласы.

Шешуші кезеңге дейін сүрінбей жеткен 81 келідегі балуанымыз Әділет Алмат, өкінішке қарай, жарақат алып, жапон балуанына жол берді.  Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы Ажар Асхат финалда өзі істеген әдіске өзі түсіп қалып, жергілікті дзюдошыдан жеңілді. Ажар үшін бұл күмістің орны бөлек. Ересектер арасындағы әлемдік додадағы алғашқы жүлдесі.

Ажар Асхат, дзюдодан Азия ойындарының күміс жүлдегері:

Иә, финалдық белдесу ауыр болды. Негізі жақсы тактика құрып шыққанбыз. Білмеймін, енді болмай қалды. Финалға дейінгі белдесулерім жақсы болды. Тайпэй қызы біраз қиынырақ болды. Бойы ұзын, солақай болды. Сәл ыңғайсыздау болды, бірақ ұттық.

Сонымен бірге бүгін джиу-джитсудан бәсекелер басталды. Ерлерден Нұржан Батырбеков финалға дейін сүрінбей жетіп, алтын сарапқа салынға жекпе-жекте Біріккен Араб Әмірліктері өкілінен 0:2 есебімен жеңілді. Қыздардан 19 жастағы Жібек Құлымбетова болса қола медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек теннистен еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева жартылай финалда Қытай қызынан жеңіліп, жарысты үшінші орынмен қорытындылады. Слаломды есуден де қола түсті және де спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров та жүлдегерлер қатарынан көрінде.

Асылбек Данияр, тілші:

Азияданың он екінші күнгі есебі бойынша Қазақстан жалпыкомандалық кестеде 9 алтын, 19 күміс, 36 қоламен 9-орында тұр. Ертең финалға жолама алған 2 былғары қолғап шебері шарша алаңға шығады. Айбек пен Сабырханның жолына жанкүйерлер үмітпен қарайды. Жалпы, ертең спортшыларымыз 27 медаль жиынтығын сарапқа салатын. Бізден сүйінші хабар күтіңіздер.


Бөлісу