Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында болған оқиғаға қатаң баға берді

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында болған оқиғаға қатаң баға берді

Бүгін президент Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қызметінен босатты. Қосанов Қорғаныс министрі болып 2025 жылы 8 маусымда тағайындалған. Ал 3 қыркүйекте қайта тағайындалған еді. 

Жаңа Қорғаныс министрі – генерал-майор Айдос Мырзахметов. Ол Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қызметін атқарып келген.

Президент бүгін тағы бір құжатқа қол қойды. Каспий теңізінде өткен оқу-жаттығуда опат болған 14 сарбазды марапаттаған.

Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен 29011 әскери бөлімі взводының командирі Мұхтарұлы Олжас, Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Аяпберген Сержан Талғатұлы, Бегей Дастан Нұрболұлы, Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы, Гилаж Ақжайық Болатбекұлы, Ғұмаров Мансұр Айтбайұлы, Диханбаев Олжас Тәжібайұлы, Жаңабай Әсет Саматұлы, Көбенов Алмас Жүсіпұлы, Мәдіхан Азамат Болатбекұлы, Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы, Темірғалиев Жеңіс Тілеуішұлы, Төлеген Ақылбек Қабденұлы, Тұрдыбекұлы Мирас марапатталды. Олар осы – 29011 әскери бөлімінің командирлері мен матростары.

Аман қалған сарбаздар - Бекет Қуандық, Ақжол Темірхан, Никита Удалов. Бүгін Президент Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бүкіл ел 14 сарбазды жоқтап, аза тұтты. Олардың отбасыларына ғана емес, бір-біріне көңіл айтты. Сұрақтар қойды...

Сөйтіп кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеретін комиссия құрған болатын. Комиссияға Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді деді. 

Ал бүгін Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді. Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнан соң бүкіл жағдай күлбелтелеусіз баяндалды. Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

- Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайлылығының салдары, – деді Мемлекет басшысы.

Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.

Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптардың сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.

Бұдан бөлек, Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.

Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында.

Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе... Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының жұмысын түбегейлі трансформациялау мәселесіне тоқталды.

–      Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.

Президент армияда цифрлық трансформация жүргізуді, мүмкіндігінше адамды технологиямен алмастыруды тапсырды.

– Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.

Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді.

Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.

Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәйкес жүргізілуге тиіс.

Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екеніне назар аударды. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға болмайды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатының» рухы қандай биік болса, қазіргі сарбаздың да рухы биік! Ондай рухпен ойнауға болмайды...

Бөлісу