Басты Жаңалықтар Жетісу облысында үш экопарк ел игілігіне берілді

Жетісу облысында үш экопарк ел игілігіне берілді

Жетісу өңірінің көрікті аймағы саналатын Текелі қаласы жаңа экопаркпен толықты. Жасыл аймақтың аумағы 21 гектарға жуықтайды. Мұнда туристердің жайлылығы үшін қажеттінің бәрі бар. Бұл өңірде бой көтерген үшінші табиғи демалыс орны. Ендігі меже – олардың инфрақұрылымын жетілдіріп, демалыс нүктелерінің санын арттыру.

Жетісудың тұмса табиғаты – Текелі қаласының негізгі туристік әлеуеті. Биыл мұнда 25 мыңға жуық саяхатшы келеді деп болжанған. Сондықтан экопарктің бой көтеруі уақыт талабына сай жүзеге асқан шаруа. Мұнда тұрғындар тек демалып қана қоймай спортпен белсенді түрде шұғылдана алады.

Гүлнұр Омарова, тұрғын:

Бізде аптасына 2 рет тауға шығу бар. «Табиғатпен достасу» тобының 5-6 күні жоспарланған. Бір күні жаттығу болса, екінші күні иога, үшінші күні тауға шығамыз. Оған барлық жағдайдың жасалғаны, жасалып жатқаны көрініп тұр.

Мұнда велоспортпен айналысуға, тауға өрмелеуге және ат жорығын ұйымдастыруға да қолайлы жағдай жасалған.

Самат Жаңбырбаев, қалалық балалар мен жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығының директоры:

Біздің орталықта қазіргі таңда 570 оқушы бар. Қызықты және танымдық экскурсиялармен жорықтар ұйымдастырамыз және өздеріңіз көргендей, жарыстың алдында оқу дайындық жұмыстарын өткіземіз.

Бұдан бөлек, Жетісу облысында тағы 2 экопарк бой көтерді. Сарқан қаласындағы Қойтас аймағы толық дайын болса, Талдықорған іргесіндегі Тасбақа табиғи паркі екінші кезеңіне өтті.

Марлен Көлбаев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары:

Президенттің тапсырмасы бойынша Жетісу облысында 3 экопаркті іске қосу жоспарланған болатын. Алдағы уақытта бұлардың бәріне бейнебақылау камераларын орналастырамыз. Интернет желілері жүргізіледі. Сонда мұнда толық адамдар келіп ,демалғанға барлық жағдай жасалады.

Табиғат аясындағы мұндай орындар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Ал мамандар алдағы уақытта экологиялық туризмге сұраныс арта түсетінін айтады.


Бөлісу