Семейдегі көпір құрылысы жақында аяқталады
Семейде Ертіс арқылы салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір мамандар салмағы 9 мың тонна болатын өткелдің темір конструкцияларын толық құрастырды. Төрт жолақты көпір пайдалануға берілгенде қаладағы автокөлік ағынын жеңілдетіп қана қоймай, Ресей мен Қытай бағытындағы көлік транзитін де реттемек.
Ержан Жақып, тілші:
Ертістің екі жағалауын жалғайтын көпірде жұмыс қызу жүріп жатыр. Ұзындығы – 1 350 метр. Оның 810 метрі – көпірдің негізгі бөлігі. Қалғаны кірме жолдар. Өткел аяқталғаннан кейін қаладағы қозғалыс реттеліп, көпір маңызды көлік дәлізіне айналмақ.
Семейдегі бұл көпірдің басты ерекшелігі – оның жылжымалы аралық құрылыммен салынуы. Мұндай металл көпір Қазақстанда алғаш рет тұрғызылып жатыр. Сондықтан нысан отандық құрылысшылар үшін күрделі инженерлік жоба саналады.
Серік Тауданбеков, жоба жетекшісі:
Келесі біздің үлкен, тағы қиын кезеңдер бар. Ол біріншіден, 9 мыңнан астам тонна салмағы бар құрылымды қазір көтеріп, астындағы сырғытқан балансирлерді аламыз да, көпірді орнына қоямыз. Ол да күрделі, ауыр жұмыс болайын деп тұр.
Көпір құрылысын жеделдету үшін мұнда 250-ге жуық адам үздіксіз жұмыс істеуде. Еліміздегі ең тәжірибелі мамандар тартылған.
Мұратбай Жұмағалиев, учаске басшысы:
Жалпы айтқанда мамандардың 90 пайызы осы Қазақстанның мамандары. Дәнекерлеушілердің бәрі – I дәрежелі дәнекерлеушілер. Жылдамдатып жатырмыз. Күндізгі, түнгі ауысымда істеп жатыр.
Жобаның құны – 47,3 миллиард теңге. Республикалық бюджет есебінен қаржыландыруда кідіріс жоқ. Қазір құрылыстың әрбір кезеңнің сапасы техникалық талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес тексеріліп жатыр.
Айболсын Қапақов, техникалық қадағалау сарапшысы:
Барлық жұмыстар техникалық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Құрылыс нормаларына сәйкес. Кейбір пайда болған кемшіліктерді, дер кезінде анықтап жойып отырамыз. Көпір толық аяқталғанша техникалық қадағалау үзбей жүргізілетін болады.
Көпірдің негізгі конструкцияларынан бөлек, кірме жолдар мен абаттандыру жұмыстары да басталды. Мамандар өткелді жыл соңына дейін пайдалануға бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы