5 жұлдызды қонақ үй кешенінің құрылысы қарқынды
Алматы облысында бес жұлдызды, халықаралық Marriott қонақ үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қонаев қаласындағы ірі инвестициялық жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жаңа демалыс орындарының ашылуына серпін бермек. Шаһардың өзіндік «визит картасына» айналатын кешеннің аумағы қанша? Әлемге танымал қонақ үй желісінің жаңа нысаны қашан ашылады? Құрылыс алаңынан Жазира Оразқызының репортажы
Жазира Оразқызы, тілші:
Құрылысы қарқынды жүріп жатқан дәл осы жерде аты әлемге әйгілі, бір ғасырға жуық тарихы бар Marriot қонақ үй кешені бой көтереді. Әлемнің 150-ге жуық мемлекетінде үздік қызмет көрсететін қонақ үйдің Алматы облысында ашылуы бекерден бекер емес. Аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаға жалпы құны 28 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған.
Күн сайын түрленіп жатқан құрылыс алаңы болашақта халықаралық стандарттағы, бес жұлдызды қонақүй кешеніне айналмақ. 7 гектар аумақта қонақүймен қатар ойын-сауық орталығы да бой көтереді.
Зоран Попович, жоба жетекшісі:
Сол аумақтың 3 гектарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған бөлігінде іске асырылатын жобаларды пысықтап жатырмыз. Құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауға ешқандай кедергі жоқ. Инвесторлар үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, заманауи қонақүй желісінің Алматы облысындағы жаңа нысанында 140 бөлме, мәжіліс залы, фитнес пен SPA орталығы болады. Осылайша халықаралық брендтің қалада бой көтеруі туристік әлеуетті арттырып, шетелдік меймандар мен инвесторларды көптеп қабылдауға жол ашпақ.
Айдын Әбілқасым, Қонаев қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
Әрине, ондай атақты Marriot қонақ үйінің Қонаев қаласына инвестициялық жоба ретінде кіруі туристер жағынан, басқа да инвесторлар жағынан қызығушылықты арттырады. 500 жұмыс орнына дейін құру жоспарланған.
Қонаев қаласы туристік бағыт ретінде қарқынды дамып келеді. Ойын-сауық кешенін келесі жылы, ал қонақүйді 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба толық жүзеге асқанда, өңірдің туристік инфрақұрылымы кеңейіп, қала халықаралық деңгейдегі жаңа нысанмен толығады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы