Шымкенттік дәрі-дәрмек Еуропаға экспортталады
Қазақстанда өндірілген дәрі алғаш рет Еуропа нарығына жол тартады. Биыл елдегі фармацевтикалық өндіріс көлемі 126 млрд теңгеден асып, бір жылда 30 пайызға артқан. Мемлекет басшысы Жолдауында отандық дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуді тапсырған еді. Бүгінде бұл талапқа сай өндіріс көлемі ғана емес, отандық фармөнімнің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Мәселен Шымкенттегі фарм зауыт Еуропаның GMP сертификатын алып, өнімнің алғашқы партиясын Болгарияға жөнелтпек.
Елдегі ең ірі фарм зауыт бүгінде 14 фармакотерапиялық топ бойынша 380-нен астам дәрі шығарады. Өнімнің 90 пайызы ішкі нарықты қамтиды. Биыл сегіз айда зауытта 33 миллион дана препарат өндірілген. Таблетка мен капсуладан бастап, антибиотиктер, инъекциялық және сұйық препараттарға дейін бар. Әр өнім түрі жеке технологиялық желіде өндіріледі.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Біз қазір фарм зауыттың өндіріс желісіндеміз. Шикізаттан бастап дайын өнімді қаптама салуға дейінгі процесс дәл осы жерде жүзеге асады. Ал мына құрылғы әр қаптамаға жек куар код енгізеді. Яғни тұтынушы смартфон арқылы әр препараттың түпнұсқалығын тексере алады. Ал биылғы жаңалық Шымкентте, дәл осы жерде өндірілетін дәрі дәрмек Еуропаға экспортталады.
Кәсіпорын былтыр елде алғаш рет Еуропалық GMP стандартын алды. Сапаға қойылатын қатаң талапқа сай өндіріс енді өнімін кәрі құрлық елдеріне шығаруға мүмкіндік алды. Алғашқы қадам да жасалды. Қант диабетінің 2-типін емдеуге қолданылатын препарат өндіріліп, Болгарияға жөнелтілгелі жатыр.
Айболат Ыдырысов, өндірістік-технологиялық бөлімнің бастығы:
Еуропалық стандартқа сай сертификат GMP алғаннан кейін үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр мысалы. Келісімшарт арқылы ұсыныстар шығып жатыр. Бізге дәрі шығарып беріңдер, серіктес болайық деген сияқты көптеген ұсыныстар пайда болып жатыр. Сондықтан болашақта еуропалық рынокқа бір ғана дәрі емес уже көп көлемде дәрі шығарамыз деген үміттеміз.
Зауыттың алдағы жоспары да ауқымды. Биыл 40 млрд теңгеге жуық инвестициялық келісімге қол қойылды. Жоба аясында қолданыстағы өндірістер кеңейтіліп, жаңа нысандар бой көтереді.
Илья Титов, Зауыт директоры:
Бағдарлама 10 жылға, яғни 2036 жылға дейін есептелген. 35-тен астам молекуланы енгізу жоспарланып отыр. Бұл 70-тен астам жаңа дәрі-дәрмек түрін шығаруға мүмкіндік береді. Негізгі бағыттар – жүрек-қан тамырлары ауруларына, онкологиялық және қант диабетін емдеуге арналған препараттар.
Жаңа өндірістер іске қосылғанда зауытта 300 жаңа жұмыс орны ашылып, шетелден әкелінетін 107 препарат түрін елде өндіру жолға қойылмақ. Кәсіпорын өнім көлемімен қатар экспорт географиясын да кеңейтуді көздейді. Алдағы уақытта дәрілерін Франция, Германия және Ұлыбритания нарығына шығаруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы