Суару маусымы аяқталуға жақын: Шаруаларға қанша көлемде су берілді?
Қазақстанда биылғы суару маусымы аяқталуға жақын. 2026 жылғы вегетация кезеңінде 1,2 млн гектар жерді суаруға шамамен 11 млрд текше метр су беру жоспарланған. Қазірдің өзінде шаруаларға осы көлемге жуық су беріліп, 1,16 млн гектар алқап суарылған.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Өңірде биыл «Қазсушар» РМК
филиалы шаруа қожалықтарымен суармалы су беру бойынша 12 409 келісімшарт жасасқан. Диқандар суармалы судың уақытылы әрі тұрақты
жеткізілгенін атап өтті.
«Биыл суды тұрақты әрі уақытылы алдық. Былтыр суға қатысты өтініш жасаған едік. Биыл орындалып жатыр. Қазір каналдар бетондалып, сорғылар орнатылып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар үшін министрлікке рахмет айтқымыз келеді», – деді Отырар ауданының диқаны Қалжан Жаймырза.

Министр сапар кезінде «Достық»
мемлекетаралық каналындағы жұмыстармен де танысқан. Қазір мұнда 62 маман еңбек етеді. Олардың жалақысы
орта есеппен 55%-ға көтерілген. Атап
айтқанда, ең төменгі жалақы 94 мың теңгеден 226 мың теңгеге дейін өсті дейді жауаптылар.
Кездесу барысында шаруалар суару маусымы аяқталғаннан кейін «Достық» каналын механикалық әдіспен тазалауды ұсынды.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, биыл оңтүстіктегі бес облыста суару маусымының тұрақты өтуіне жағдай жасалған. Бұған су пайдалану лимиттерін сақтау, егіс алқаптарын әртараптандыру, ылғалды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқарту, сондай-ақ су бөлуді цифрландыру ықпал еткен.

Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы