Ағза ауыстыру бойынша 100 операция жасалды
Ақтөбе облысында ағза ауыстыру бойынша соңғы он жыл шамасында 100-ден аса операция жасалды. Мамандар медицинаның соңғы жетістіктерін игеріп, жаңа құрылғыларды толығымен меңгерген. Бүгін өткен «Бүгінгі хирургияның өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференцияға шетелдік дәрігерлер де арнайы келіп, өзара тәжірибе алмасты.
Ақтөбедегі медицина университеті жылына жүзден аса хирург дайындап шығарады. Облыста жыл сайын шамамен 50 мың пациентке хирургиялық көмек көрсетіліп, 12 мыңнан астам ота жасалады. Яғни өңір мамандарынан өзгелердің үйренері көп. Ғылыми-практикалық конференцияның Ақтөбеде ұйымдастырылуы да бекер емес. Өңірде Президент тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асуда.
Базылбек Жақиев, хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісі:
Клиникалық тәжірибеде пациенттерге трансплантологиялық көмек көрсету жолының толық циклі енгізіліп отыр. Осының бәрі біздің аймақтың еліміздегі алдыңғы қатарлы ғылыми-клиникалық орталықтардың бірі екенін көрсетеді.
Конференцияға еліміздің жетекші хирургтары мен медицина қауымдастығының өкілдері, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген мамандар қатысты. Хирургия, трансплантология, онкология, қан тамырлары және кардиохирургия салаларының мамандары кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ салаға жаңа тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылады.
Жанек Белеков, Бішкек медицина академиясының профессоры:
Аймақ бойынша. трансплантология бойынша Қазақстан алдыда тұр. Сондықтан біз осында келіп, осыны ұғып, үйренуге әрекет қыламыз.
Шара барысында өңір басшысы Асхат Шахаров «Ақтөбе облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін Түркияның «Башкент» университетінің профессоры Мехмет Хабералға және отандық академиктер мен профессорларға табыстады. Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь республикалары мен еліміздің өзге аймақтарынан келген белгілі ғалымдар мен хирургтерге де құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы