Басты Жаңалықтар Базалық мөлшерлеме төмендеді: Экономикаға әсері қандай болмақ?

Базалық мөлшерлеме төмендеді: Экономикаға әсері қандай болмақ?

Соңғы уақыттағы базалық мөлшерлеменің үш рет төмендеуі елімізде ипотекалық несиенің пайызын түсіруі мүмкін. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары осындай пікірде.

Базалық мөлшерлеме – банктердегі несие құнына тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Сондықтан оның түсуі ипотекалық және басқа да несиелердің біртіндеп арзандауына мүмкіндік береді. Соңғы 6 айда екінші деңгейлі банктерде баспана алуға несие рәсімдеуге берілген өтініштер саны 39 пайызға азайған. Бұл банктер арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін. Яғни, қаржы ұйымдары клиент тарту үшін несие шарттарын қайта қарауы ықтимал. Ал бизнес үшін базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз алуға қолайлы. Әсіресе, орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Сарапшылар мөлшерлеменің төмендеуі бұл сұранысты одан әрі арттыруы мүмкін дейді.

Алмас Орақбай, Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының жетекшi сарапшысы:

Орта бизнес үшін үш сегмент ішіндегі ең жоғары сұраныс көрсетілген болатын. Орта бизнестегі мақұлдаулар саны шамамен 34%-дан 38%-ға, ал несиелеу саны 8,4%-ға көтерілген. Сонымен қатар орта бизнестегі несиелеудің орташа сомасы 8%-ға артқан болатын. Және бұл қазіргі қалыптасқан жоғары сұранысты базалық мөлшерлеме түсу одан әрі күшейтуі мүмкін.

Ал шағын бизнестегі ахуал сәл күрделірек. Өйткені осы жылдың алғашқы алты айындағы өсім небәрі 1,2 пайыз болған. Сарапшы мұны базалық мөлшерлеменің бірнеше ай бойы жоғары деңгейде сақталуымен байланыстырады. Енді базалық мөлшерлеменің 16,25 пайызға төмендеуі шағын кәсіпкерлердің несиеге деген сұранысын қайта жандандыруы мүмкін.

Бөлісу