Басты Жаңалықтар Ұлттық банк «бөліп төлеу» нарығын реттемек

Ұлттық банк «бөліп төлеу» нарығын реттемек

0-0-12, 0-0-24. Осы сандарды байқаған жұрт сауда орындарына асығады. Бөліп төлеудің жасырын пайызы барын көпшілік біле бермейді. Кейін төлеймін деп қарыз алатындар күрт көбейді дейді қаржыгерлер. Сондықтан Ұлттық банк бұл саланы реттеуге ниетті. Не өзгереді?

Расында халықтың несие жүктемесі биыл 26 трлн теңгеден асты. Бұл сомманың 17 трлн-ын қазақстандықтар - баспана алу яки бизнес пен өндірісті дамытуға емес, тұтынушылық мақсатта жұмсаған. Көбі «бөліп төлеу» қызметін пайдаланады. Бірақ қаржы мамандары «қазір алып, кейін төле» схемасында жасырын пайыздар бар екенін айтады.

Перизат Бауыржанқызы, қаржыгер:

Бөліп төлеумен біз рекордтық көрсеткішке жетіп отырмыз. Бұл ешқандай да тегін беріліп жатқан ақша емес, тегін тауар емес. Оның міндетті түрде төлемі, пайыздық мөлшерлемесі бар. Мысалы, 200 мың теңгеге бір зат алсаңыз, соның 40 мың теңгесі пайыздық мөлшерлеме. Ол сізге айтылмайды, бірақ сіздің төлейтін ақшаңызға қосылады.

Бүгінде бөліп төлеуді тек банктер мен микроқаржы ұйымдары емес, жеке компаниялар да ұсынатын болған. Ал ол кәсіпкерлерге ешқандай талап жоқ. Тауарға қанша үстеме қосып, сатып жатқаны белгісіз. Сондықтан Ұлттық банк бұл нарықты бір ізге түсіріп, реттеуді көздеп отыр.

Нұрболат Сахиев, ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің өкілі:

Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық банк бөліп төлеу мен BNPL нарығына қатысты дискуссиялық құжатты жария етті. Нақты талаптар мен тетіктер ортақ талқылау кезінде пысықталады. Бұл мәселе бойынша әзірге қандай да бір нақты шешім қабылданды деуге ерте. Жаңа бастама мақсатты түрде ашық талқылауға шығарылып отыр. Ұлттық банк сол арқылы басқа да реттеушілер мен нарық қатысушыларының пікірін ескере отырып, жалпыға ортақ әрі тиімді шешім табуды көздейді.

Қазір ұлттық банк сала мамандары мен сарапшылардың ұсыныстарын жинап жатыр. Тұщымды ой-пікірлер 3 қарашаға дейін қабылданады.

Ақниет Балтанова, тілші:

Бұл құжаттың мәні – «бөліп төлеуді» біржола тоқтату емес, жұртты жөн-жосықсыз қарыздан қорғау. Жаңа ереже енгізілсе, төлем шарты ашық көрсетіліп, жасырын пайыздар азаяды. Тиісінше, тұтынушы да өз міндетін анық біліп, құқығын қорғайды.
Бөлісу