Басты Жаңалықтар Бірыңғай QR жүйесі төлем нарығының 25 пайызын қамтыды

Бірыңғай QR жүйесі төлем нарығының 25 пайызын қамтыды

Қазақстандағы бірыңғай QR жүйесі төлем нарығының 25 пайызын қамтыды. Жүйе іске қосылғалы 400 миллиард теңгенің 20 миллионнан астам транзакциясы өңделген.

Бұл туралы Алматыда өткен орталық Азияның қаржы технологиялары саммитінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның сөзінше, бірыңғай QR және банкаралық төлемдер – елдің ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадам. Қазақстанда қаржы секторын цифрландырумен қатар, жасанды интеллектіні енгізу де қарқын алып келеді. Сондай-ақ ұлттық антифрод-орталығының банктермен бірлескен жұмысының арқасында құны 120 миллиард теңгеден асатын алаяқтық операциялардың жолы кесілген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдегі банктердің шамамен 75 пайызы ЖИ технологияларын пайдаланады. Биыл агенттік 94 қаржы институтының цифрлық дайындығын 100-ден аса параметр бойынша бағалаған. Нәтижесінде әр ұйымға жеке даму жоспары жасалып, 1200 нақты шара белгіленді. Реттеуші органның айтуынша, ендігі міндет – технологияға қаржы құю ғана емес, оны ішкі процестерге тиімді енгізу. Осы бағыттағы жұмысты бақылау үшін агенттік жанынан Цифрлық трансформация кеңсесі құрылады. Мамандардың пікірінше, халықаралық компаниялар мен технологиялық серіктестердің нарыққа келуі қаржы секторындағы цифрлық шешімдердің дамуын жеделдетеді.

Арлен Молдабеков, ҚР Ұлттық банкі цифрлық активтер және инновациялар басқармасының басшысы:

Дүниежүзілік компаниялардың біздің нарыққа келуі, бүгінгі ынтымақтастықтарға қол қойылып жатқаны ол біздің нарықтың дамуына үлкен импульс береді деп сенеміз. Олар экспертиза әкеледі, компетенция әкеледі. Капитал мұнда келеді.


Бөлісу