Көшпенділер бәсекесінде топ жарғандар марапатталды
Қазақстан алдағы жылдары ірі халықаралық спорт додаларының орталығына айналмақ. Келер жылы Астанада жеті бірдей әлем чемпионаты өтеді. Ал 2029 жылы Алматы Қысқы Азия ойындарын қабылдауға әзірлік жасап жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарымен кездесуде айтты. Биылғы додада Қазақстан құрамасы 74 медаль алып, жалпы есепте көш бастады. Президенттің сөзінше осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Марапаттау рәсімі қалай өтті?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Сәйгүлік сайлап, ат жалын тартып мінген қазақ үшін жылқының жөні бөлек. Тұлпар баптап, додаға түсу бабадан қалған бекзат өнер. Көкпар мен бәйге, аударыспақ пен теңге ілу соның айқын көрінісі. Сан ғасырлық сол дәстүр бүгінде Көшпенділер ойындарының көрігін қыздырып отыр. Дүбірлі додада ел мерейін асырған саңлақтар құрметке бөленбек.
Даланы дүбірге бөлеген сайыста дара шапқандар бүгін Тәуелсіздік сарайына жиылды. Жеңімпаздар құрметіне сарбаздар сап түзеп, өнерпаздар сазын әуелетті.
Білекті де жүректі қыз-жігіттер аламанда сыр алдырмағанымен Президентпен кездесу алдында қобалжығанын жасырмады.
Аружан Салман, Тоғызқұмалақ ойынынан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы:
Мен осы сәтті екі жыл бұрын қатысқым келген. Екі жыл бұрын Президент қолынан төсбелгі алсам дегенмін. Енді соған қол жеткізіп отырмын. Сәлден соң төсбелгіме қол жеткіземін. Өте қуаныштымын және қатты толқып отырмын. Бәрі жақсы өтсе екен деп тілеп тұрмын.
Алатау бөктерінде өткен көшпенділер ойыны бір апта бойы әлем назарын өзіне аудартты. Жаңадан ашылған Бішкек аренада өткен ашылу салтанаты көшпелі өркениеттің тарихы мен дәстүрін паш етті.
Дала додасына 113 мемлекет 3 мыңға жуық өкілін үкілеп жарысқа қосты. Қазақстан барлық дерлік сайысқа қатысып, жалпы саны 74 медальды қанжығаға байлады. Оның 32-сі – алтын. Осылайша ел құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін.
Иә дала додасында біздің қыз-жігіттер дараланып көзге түсті. Арқан тартыста Мейір Рахметқалиевтің мерейі үстем болды. Бұл бәсекеде көпшілік 190 келі болатын Иран алыбына ешкімнің әлі келмес деген еді. Дегенмен талай мықтының шамасы жетпеген нардай балуанды қарапайым қара жұмысшы қапы қалдырды.
Мейір Рахметқалиев, Арқан тартыстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы:
Риддер қаласында тұрамын. Мырыш зауытында жұмыс істеймін. Анодшымын. Анод тазалаймын. Қара жұмыс кәдімгі. Күрекпен. Андай дәуді бірінші рет көрдім. Тренердің айтуымен, тактикамен жеңдік. Ұзақ уақыт ұстадық.
Ал 30 жылға жуық ұстаздық еткен Аяш Қабдоллаеваның жеңісіне көпшілік ерекше тебіренді. Әлемнің мықты мергендері сайысқа түскен жарыста 51 жастағы садақшының жебесі нысанаға дөп тиді. Көк туымыз көкке көтерілген сәтте жеңімпаз көз жасын жасыра алмады.
Аяш Қабдоллаева, Дәстүрлі садақ атудан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы:
Біздің осы жүріп өткен жолымыздың, көрген қиындықтарымыздың бәрі соны жеңіп шыққаным үшін, елімнің намысын қорғап шыққаным үшін мен ішімдегі сезімге ие бола алмай қалдым. Көзімнің жасымен шықты деп айтуға болады қуанышым. Керемет сезімдемін дәл осындай құрметке бөленемін деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген ғой.
Аударыспақтан спортшыларымыз төрт бірдей алтын жеңіп алды. Ат үстіндегі айқас талас-тартысқа толы болды. 100 келі салмақта сынға түскен Сырымның сойқан сайысына көпшілік таңдай қақты.
Сырым Ізбасаров, Аударыспақтан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы:
Қарсыласыммен мен былтыр күрескенмін Азияда. Ширек финалда ұтып алғанмен. Көшпенділер ойынында да мерейім үстем болды. Ол теккен төрдің, айла тәсілдің арқасында мен жеңіске жеттім.
Ел құрамасы тұлпарлар додасында да алдына қара салмады. Бәйгеде қазақ шабандоздары жеңіс тұғырын толықтай дерлік еншіледі.
Ерсұлтан Жарқын, Бәйге жарысынан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы:
Қарсыластарым жақсы болды. Көшпенділер ойынына осал аттар түсейді ғой енді. Қарсыластарым нормальный болды. Топ бәйге шаптым. 18 шақырымға. Орда деген атпен топ бәйгені ұттым.
Көпшіліктің делебесін қоздырған әрине көкпар финалы. Ақтық сында капитан Құрманбек ат астында қалып, тұяғына тапталса да ойынды қайта жалғастырды.
Құрманбек Тұрғанбек, Көкпардан ұлттық құраманың капитаны:
Мен құлаған жағдайда сотрясение алып қалдым. Көзім қарауытып. Алаңды тастап кетпеу үшін барлық қулықты салып, көзімізді ашпай біраз уақыт отырдық. Дәрігерлер болмайды деді. Бірақ оларды алдау керек болды. Біраздан кейін алаңға шығып, алғашқы голымызды салдық.
Иә осындай намысты ұл-қыздарымыздың арқасында байрақты бәсекеде топ жардық. Бүгін Мемлекет басшының қолынан 61 спортшы мен бапкер марапатқа ие болды.
Президент спорт саласындағы жетістіктерге оң баға беріп, алдымызда әлі талай міндет тұрғанын еске салды. Ал мұндай жеңісті сәттер ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады.
Иә, бұл доданың дүбірі әлі талайға дейін құлақтан кете қоймас. Мемлекет басшысы бабадан қалған қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау ортақ парыз екенін айтты. Ұлттық мұраны ұлықтау да үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан осы рухани аманатты өркениетке сай, мәдениетті әрі абыроймен жалғастыруға үндеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы