Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында зертханалық-талдау кешені ашылды

Қарағанды облысында зертханалық-талдау кешені ашылды

Қарағанды облысында геологиялық барлау саласына арналған жаңа зертханалық-талдау кешені іске қосылды. Жаңа нысан «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кешенге салынған инвестиция көлемі шамамен 9 миллиард теңге. Зертхана жылына 200 мыңға дейін геологиялық сынаманы өңдеуге қауқарлы. Тың жоба жайында өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатсын.

Кешен Солтүстік Балқаш өңіріндегі геологиялық барлау жұмыстарына қажет зерттеу жүргізеді. Мұнда кен сынамалары мен материалдар қабылданады. Мамандардың айтуынша, зертхананың басты артықшылығы – талдаудың бірнеше кезеңін бір өндірістік тізбекке біріктіруінде. Бұл зерттеу мерзімін оңтайландырып, геологиялық барлаудың сапасын арттырады.
Ілияс Нұрғалиұлы, бөлім басшысы:
Зертхана сынаманы қабылдау мен дайындаудан бастап, сынақ жүргізу, талдау және нәтижесін алуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Қазіргі уақытта біз біртіндеп жобалық қуатымызға шығу кезеңінде.
Инвестициялық жоба өңірдің технологиялық инфрақұрылымын дамытуға және инвестициялық әлеуетін арттыра түспек. Сонымен қатар мұнда жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Жобалық жоспар бойынша зертханада шамамен 150 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Қазірдің өзінде 115 адам еңбек етіп жатыр.
Назира Ескермес, инженер:
Сынамалардың химиялық құрамына зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын және басқа да элементтердің мөлшерлері анықталады. Зертхананың техникалық жабдықталуына біз ерекше көңіл бөлеміз. Бұл жабдықтар зерттеулердің кең ауқымды аналитикалық нәтижелерін жүргізуге және нақты әрі сенімді нәтижелерді алуға бізге мүмкіндік береді.
Жаңа кешен «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазірдің өзінде мұнда 15 жоба сәтті жұмыс істеп тұр. Ол үшін 240 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 жарым мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Гүлина Сәкенова, «Qaragandy invest» инвестицияларды дамыту орталығы» АҚ департаментінің директоры:
Сарыарқа экономикалық аймағының негізгі бағыты металлургия және өнеркәсіп саласы болғандықтан, біз жаңа жоспар бойынша Қарқаралы, Балқаш қалаларында туризм саласын дамыту үшін «Сарыарқа» экономикалық аймағын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсат – облысымыздағы туризмді дамыту және жаңа инвесторларды Балқаш пен Қарқаралы аумақтарына тарту.
Алдағы уақытта экономикалық аймақта тағы 10 жоба жүзеге аспақ. Ал Балқаш қаласында Үкімет басшысының тапсырмасымен индустриялды аймақ құрылып, 14 гектар аумаққа жаңа демалыс орындары салынып жатыр.


Бөлісу