Басты Жаңалықтар Көшпенділер бәсекесінде топ жарғандар марапатталды

Көшпенділер бәсекесінде топ жарғандар марапатталды

Қазақстан алдағы жылдары ірі халықаралық спорт додаларының орталығына айналмақ. Келер жылы Астанада жеті бірдей Әлем чемпионаты өтеді. Ал Алматы 2029 жылы Қысқы Азия ойындарын қабылдауға әзірлік жасап жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарымен кездесуде айтты. Бүгін елордада осы дүбірлі додада топ жарған спортшылар марапатталды. Биылғы байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 74 медаль алып, жалпы есепте көш бастады. Президенттің пайымынша, осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Көшпенділер ойындарының мәртебесін түркі халықтарына ортақ абырой деп атады. Сондай-ақ Қазақстанның бұл жарысты дамытуға белсенді атсалысатынын жеткізді. Президент чемпиондардың жеңісі өскелең ұрпаққа жігер беретінін де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін.


Бөлісу