Ғасыр жасаған қарттардың отасқанына 70 жылдан асты
Қызылорда қаласында ғасырға жуық ғұмыр кешіп жатқан ерлі-зайыпты қария мен ақ жаулықты ана тұрады. Отау құрғандарына жетпіс жылдан асқан Бәкір Ысқақов пен Аманкүл Момбаева бүгінде үлкен әулеттің темірқазығы. Өнегелі отбасының шаңырағында тілшіміз Әділбек Серікұлы болып, ғибратты ғұмыр иелерімен тілдесіп келді.
96 жастағы ақсақал мен 94 жастағы кейуана әлі де тың. Таяққа сүйенбей, көмекке жүгінбей, өздері жүріп-тұрады. Екеуі 1954 жылы Ақмола облысына тың игеруге барғанда танеысқан. Кейін дәм-тұзы жарасып, отау құрыпты. Содан бері жұптары жазылмай бір шаңырақ астында ғибратты ғұмыр кешіп келеді. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көрген жандар «барын бағалай білген адам ғана бақытқа кенеледі»,- дейді.
Бәкір Ысқақ, Еңбек ардагері:
Менен немерең нешеу деп сұрайды. Мен санын айтпаймын. Шүкір-шүкір, үпір-шүпір деп солай қыламын. Солардың ортасында кемпірмен екеуміз отырмыз міне. Алла тағаланың бұл да бізге берген бір сыйы.
Аманкүл Момбаева, Еңбек ардагері:
Балаларыма кітап оқыңдар деп айтып отырамын. Адамды адам ететін еңбек қой. Кітап оқысаңдар адам боласыңдар. Іздегенің алдыңнан табылады деп отырмын ғой осы отырғанда.
Жүзге жақындаған ақсақал мен ақ жауалықты ана 5 ұл, 4 қыз өсірген. Бүгінде балаларының алды 70-тен асыпты. Барлығы да бір-бір шаңырақтың иесі, ұйытқысы. Ал, мәуелі бәйтеректей абыз қария мен кейуана ордалы отбасы төрінің сәнін де, мәнін де келтіріп отыр.
Мінаш Ысқақ, ардагер ұстаз:
Бәрімізге білім берді, бәрімізді махаббатымен өсірді бізді. Әкем де анам да сондай. Бәрімізге айтатын ақылы адам болу. Біз әке-шешемізге марқайсақ, әке-шешіміз бізге марқайып солай өмір сүріп жатырмыз.
Өмір жолында соғыстың да, жоқшылықтың да қиындығын бастан өткерген қарттар бүгінде Егеменді еліміздің еңсе тіктегенін көріп көңілі марқайады. Ендігі тілегі халқының амандығы, ел іші мен сыртының тыныштығы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы